Оқушылар үйінде бірнеше бағытта үйірмелер жұмыс жасайды
«Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» Мектеп қабырғасында жүргенде осылай әндетуші еді. Ән мен күйді сүймейтін адам бар ма екен, сірә? Баланың кішкентайынан бастап, өнерге деген қызығушылығын, бейімділігін байқап, оны дамытып, қолдау жасап отыру ата-ананың, ұстаздардың міндеті. Қазақ халқында «болар бала бесіктен» деген келелі теңеу бар. Өскелең ұрпақтың ерекше қабілетті, дарынды балалардың талантын ұштау, дамыту, жетілдіру мақсатында Әйтеке би кентінде Қазалы аудандық Оқушылар үйі жұмыс жасайды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқушылар үйі балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына, кәсіби бағыт бағдар алуына, мәдени эстетикалық қарым-қатынасы мен балалардың шығармашылық ортасын қалыптастырады. Оқушылар үйінде оқушыларға жан-жақты білім мен тәрбие беру мақсатында бірнеше бағытта, яғни «Таным шығармашылық» үйірмелері бірлестігі, «Бейіндік оқыту» үйірмелері бірлестігі, «Көркем өнер» үйірмелері бірлестігі, «ITKAZALY» үйірмелері бірлестіктері жұмыс жүргізеді. Бірлестіктер жүйелі түрде жоспар бойынша жұмыстар жүргізеді. Аталған білім ордасында талантты ұстаздардан, талапты шәкірттер білім алуда.
Ал, соның ішінде, «Көркем өнер» үйірмелері бірлестігінің «Сырлы әуен» үйірмесінің жетекшісі Нағима Көптілеуқызының педагогикалық салада қызмет еткеніне отыз жылға жуық уақыт болды.
Қазалы ауданындағы Майлыбас ауылдық округінің тумасы орта мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы іргелі педагогикалық училищесінің «Музыка» факультетінен «музыка пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған. Бұдан соң, Қызылорда қаласындағы «Сейхун» академиясын «музыкалық білім» мамандығы бойынша бітіріп, шығады. Алғашқы еңбек жолын аудандық музыка мектебінде мұғалім боп бастаған ол, кейінгі жылдары Қазалы аудандық оқушылар үйінде «Сырлы әуен» үйірмесіне жетекшілік жасап келеді.
«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, үйірме жетекшісінің ұстанымы да өнерді сүйген өрімтал жастардың ептілігін қалыпқа салып, шығармашылығын дамыту. Осыған орай, «Жеке Ән» үйірмесіне қатысушы оқушыларды таңдау кезінде, мәнерлі дауыс, әншілік қабілет, есту және есте сақтау қабілетінің жоғарғы болуы, музыкаға деген белсенді эмоциялық сезім, жақсы дикция, еңбекқорлық, сахналық сырт бейне, жақсы дауыс болу керектігі ескеріледі. Өкінішке орай, осы қабілеттің барлығы бірдей бір баланың бойынан табыла бермейді, біреуі болса, біреуі болмауы мүмкін. Сондықтан, үнемі жаттығудың нәтижесінде олар бір-бірін толықтырып, тәжірибе жинақтап, оң нәтижеге бастайды.
Үйірмеге аудан мектептерінен түрлі оқушылар қатысатындықтан, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес топтастырылады. Жылдық оқыту бағдарламасын атақты және жергілікті сазгерлердің өмірі мен шығармашылығына байланыстыра, атаулы мерекелерге сәйкестендіре отырып күнтізбелік жоспар жасап, оқушылармен жүргізілетін әр сабағын қызықты өткізуге тырысады. Сол сияқты үйірме мүшелерімен түрлі тақырыптарда тәрбиелік шараларды мәнді де, мағыналы етіп ұйымдастырып келеді. Осы жылдың өзінде жергілікті әнші, Мәдениет саласының Үздігі Галя Оспановамен «Ән әлемінің дариясы, Қазалының Галиясы» атты кездесу кеші, «Әжелер мектебі» шеберлік сағаты, «Елімнің бесігін тербеткен Тәуелсіздік» тәрбие сағаты, «Бақытты балалық шақ ертеңгі жарқын болашақ» мерекелік концерті тағы да басқа тәрбиелік шараларды жоғары деңгейде ұйымастырды.
«Зейіні бар балаға өнер, өзі қонады» дейді. Дей тұрғанмен адамның бойына табиғат берген асыл қасиетті дамыту үлкен еңбекті қажет етеді. Осындай қажырлы еңбектің иесі, өз уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған ұстаз, өмірдің көгінен, өнердің төрінен көрініп, еліміздің жарқын жұлдыздары атанып жүрген әрбір таланттың шыңдалуына жол ашып келеді.
Жалпы, білім беретін мектепте білім нәтижесі пәндік олимпиадалар арқылы сараланса, үйірме жұмысында оқушылардың білімі дәстүрлі өткізілетін байқаулардан көрініс табады. Жылдар жылжып, уақыт өткен сайын талантты оқушылар саны артып, жетістіктер легі көбейіп келеді. Басқасын айтпағанда, соңғы жылдардың өзінде халықаралық, республикалық, облыстық (Әнші балапан, Бозторғай, Ғұмырдария, Асыл мұра, Рауан, Ақкөгершін, Менің туған өлкем, Звонкие голоса Байконура) өнер додаларынан шәкірттері жеңіссіз қайтқан емес.
ІІІ Халықаралық «Жадыра жас дарын!» балалар шығармашылық фестиваль конкурсында үйірме мүшелері Жансая Сағырбек, Есентай Арыстанбек, Кәрім Ақниет, Толғанай Алдан – І орын; Қуандық Әсет ІІ орын; Минура Жеткербай, Аманқос Диас Дипломға ие болды.
Алматы қаласында өткен «Өнерлі өркениет» Республикалық балалар шығармашылық байқауында Жансая Сағырбек Бас жүлдені және 20000 теңге сыйақы иемденсе; Кәрім Ақниет, Жаннұр Ағыбай, Балнұр Орынбай, Перизат Алмас, Минура Жеткербай І орындарды иемденіп, Лауреат атағына және медальға ие болды. Байқау соңында Гала концертте ерекше өнер көрсеткен Жансая Сағырбек өнер көрсетіп, аудан мерейін көтерді.Арал қаласында өткен ІІ Республикалық «Дарабоз» өнер мен білім байқауында Назым Нақыш, Жаннұр Ағыбай, Жүсіпбек Нұрсұлтан, Толғанай Алдан, Минура Жеткербай, Перизат Алмас, Дина Оңдабай, Кәрім Ақниет сынды оқушылары оза шауып жүлдегер атанды.
«Жеті өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен Республикалық байқауда Жансая Сағырбек, Марина Балапанова Бас жүлде иегері атанса, Түркістан қаласында өткен «Қазақстан үміті» балалар шығармашылық байқауында Жансая Сағырбек Бас жүлдені, Жүсіпбек Нұрсұлтан, Перизат Алмас, Аружан Құттымырза, Қарақат Кемал, Ақерке Дүзелбай, Мерей Раматалы сынды оқушылары жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленген.
Нағима Көптілеуқызының тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Қызылорда қаласында «Атадан мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілген «Ақ желең» республикалық байқауының облыстық кезеңінен «Сырлы әуен» үйірмесінің мүшесі Айлуна Еділ, Матжан Дарын қатысып ІІ орынға ие болды. Алматы қаласында өтетін Халықаралық байқауға қатысуға 50 процент жеңілдікке және Түркия елінде өтетін байқауға жолдамаға ие болды.
Облыстық «Бозторғай» балалар өнер байқауына «Сырлы әуен» үйірмесінің мүшесі Мерей Қыпшақбай облыстық кезеңге жолдамаға ие болып, облыстық кезеңінен Алғыс хатты иемденді.
Соңғы жылдары оқу жылының басында аудандық оқушылар үйі аудан мектептерімен меморандумға отырып, бірнеше үйірме келісім бойынша мектептерде жұмыс жүргізіп келеді. «Сырлы әуен» үйірмесі де №165 мектеп оқушыларынан құралған «Жас өркен» балалар хорын ұйымдастырып, жас өнерпаздарды ән өнеріне баулып келеді. Талантты жастардан құралған хор ұжымы аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, өз жемісін беріп келеді.
«Жас өркен» хор ұжымы «Егемен елімнің ертеңімін» ІІ Республикалық рухани патриоттық балалар өнер байқауынан Бас жүлдеге ие болып, жетекшісі «Үздік жетекші» төс белгісімен марапатталды.
Сонымен бірге, аталған хор ұжымы «Шабыт қанатында» IV республикалық байқауынан Бас жүлдені иемденсе, жеке орындаушылар Аружан Жұмағали, Айша Қанай жүлделі І орынды иемденді.
Ал, үстіміздегі жылдың мамыр айында «Жеті өнер» VIII Халықаралық шығармашылық фестиваль конкурсының республикалық кезеңінен сүрінбей өтіп, «Жас өркен» балалар хоры бас жүлдені иемденіп, Стамбул қаласында өтетін Халықаралық кезеңге жолдама алды. Жеке орындаушылар Айша Қанай мен Аружан Жұмағали жас ерекшеліктеріне қарай І орынды иемденді. Жас әншілерді өнерге баулып жүрген «Сырлы әуен» үйірмесінің жетекшісі Нағима Қарымсақованың қажырлы еңбегі үшін «Үздік дарынды балалар жетекшісі» атағымен марапатталды.
Өнерпаз балалар мен үйірме жетекшілерінің түрлі байқауларға қатысып, өнер көрсетулеріне ықпал етіп, қолдау көрсеткен оқушылар үйінің басшысы Сейлхан Бердібекұлы да «Жеті өнер» VIII Халықаралық шығармашылық орталығының алғыс хатымен марапатталды.
Отыз жылдық ұстаздық тәжірибесінде ел ішінен талантты да дарынды шәкірттер тәрбиелеп, кәсіби бағыт бағдар беріп, өмірден өз орындарын табуға ықпалын тигізіп келеді. Көптеген түлектері үйірмеден алған кәсіби білімін жалғастырып, колледждерде, жоғарғы оқу орындарында оқып, жаңа өмірге жолдама алды. Үйірме сабақтарына үздіксіз қатысып, өнерге қызығушылығын танытқан өнерлі оқушылар бүгінде елге танымал әнші, өнер жұлдыздары атануда. Кезіндегі «Жеке ән» үйірмесінің мүшесі Нұртас Омаров қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы «Ахмет Жұбанов» атындағы музыкалық колледжінің «Вокал» класының жетекшісі, филармония әншісі. Сол сияқты Жақсылық Гүлзина бүгінде «П.И.Чайковский» атындағы консерватория түлегі, Президент оркестрінің жеке әншісі.
Айбек Қайбулла Ақтөбе қаласындағы музыкалық колледжден білім алып, эстрада әншісі; Сүндет Зәуре – Астана қаласында «Шабыт» академиясының түлегі, өнер жанашыры; Мадияр Жеткербай – Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы колледж түлегі, музыка маманы; А.Ақниет, Сабыр Нұрсұлтан, Әсет Қуандық, Диас Жақсылық – Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенттері; Сымбат Бұзаубаева – Қызылорда қаласындағы Қазанғап музыкалық колледжінен білім алып, Ахмет Жұбанов атындағы консерватория студенттері, болашағынан үміт күттірер жастар.
Әркім өз дарынын кеңейтіп, өзін тәрбиелеу үшін жалықпай ізденіп, талмай еңбек ету керек. Өнердің де сан саласын білуге құштарлық -дарындыларға тән қасиет болса керек. Ал, көздеген мақсатқа жету екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ел іші – өнер кеніші дегендей, өнерлі де талантты жастарға жол сілтеп, үміттерін үкілеп, қанаттарын қатайтып отырған ұстаз еңбегі де елеусіз қалмады. Ұстаздың көп жылғы үздіксіз жасаған еңбегі үшін ІV Халықаралық «Жеті Өнер» шығармашылық фестиваль конкурсының «Үздік тәлімгер» дипломы, «Өнер жанашыры» кубогы; халықаралық «Ғұмырдария» балалар мен жасөспірімдер ән-жыр байқауының өнерге тәрбиелеу ісінің үздігі төсбелгісі; білім беру саласының өркендеуіне атсалысып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан ерең еңбегі үшін «Мәртебелі педагог» төсбелгісі; Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің құрмет грамотасы табысталды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Өркениет» педагогтарының біліктілігін арттыру және қайта даярлау әдістемелік орталығының құрмет грамотасы; «Мәңгілік ел алыптары» ІV Республикалық рухани-патриоттық байқауында үздік шәкірт тәрбиелегені үшін Алғыс хаты; халықаралық «Өрлеу-өркендеу» ғылыми-ақпараттық, танымдық-тәрбиелік журналының ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік педагог» байқауында «Үздік педагог» дипломы; Қызылорда облыстық білім басқармасының Алғыс хаты ұсынылды. Сонымен бірге, «Атадан-Мұра» қоғамдық қорының бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған V Республикалық «Ұлы Дала Ұрпағы» байқауының дипломы, «Қазақстан Үміті» VІ Республикалық шығармашылық конкурсының Құрмет грамотасы, «Атадан-Мұра» қоғамдық қорының бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған Халықаралық «Ана туралы жыр» байқауында вокал номинациясы бойынша үздік өнер көрсеткен хор ұжымы, жетекшісі Н.К.Карымсакова алғыс хатымен марапатталады. РУМЦДО директоры Р.Шердің Үздік шәкірт тәрбиелеп, шығармашылық әлеуетін ашу, қабілетін дамытудағы ерең еңбегі үшін Алғыс хатымен жіне бірнеше рет облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының мадақтамасымен марапатталған.
Ұстаздық жолда тәжірибелі де, қоржыны әдістемелік тәсілдерге бай Нағима Көптілеуқызы ұжымдастар арасында беделді, зерттеуші педагог санатты ұстаз. Жеке өмірде отбасылы, 3 ұлы мен келіндерін тәрбиелеп, немерелерін сүйіп отырған, аяулы ана.
Баланың жеке тұлғасын жан-жақты дамыту, эстетикалық талғамын қа-лыптастыру, оқушылардың кәсіби тұрғыда өзін-өзі анықтауға үлес қосып келе жатқан ұстаздар қауымы осылайша жас өнерпаздардың көркемдік-эстетикалық білімділігіне үлес қосып, кәсіби дағдыларды алуына жағдай жасай береді.