Әйтеке би кенті мен Сунақта ауылдық округінің әкімі сайланды

1 511

Фото:  Қазалы ауданыКүні кеше Қазалы ауданы Әйтеке би кенті мен Жаңақорған ауданындағы Сунақата ауылдық округінің әкім сайлауы өткізілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Сайлау процесі 14 учаскеде ұйымдастырылды. Сайлауға таңмен таласа келген сайлаушылар мен алғаш рет таңдау жасаған азаматтар белсене қатысты. 


Қазалы ауданының Әйтеке би кенті әкіміне 2 кандидат дауысқа түсті. Кандидат Әбиев Әліби Берікұлы үшін дауыс беруге қатысқан сайлаушылар санынан – 15482 дауыс, Картабаев Казыбек Каржаубаевич үшін – 2007  дауыс, барлығына қарсы – 184 дауыс берілді.  

Нәтижесінде Әбиев Әліби Берікұлы Қазалы ауданының  Әйтеке би кентінің әкімі болып сайланды. Алиби Берікұлы 1978 жылы туған, ұлты қазақ,  Қазалы ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы, Әйтеке би кентінде тұрады. «AMANAT» партиясынан ұсынылған. 

Ал, Сунақата ауылдық округі бойынша 3 кандидат түсті. Дауыс беруге қатысқан 698 адамның кандидат Абсадықов Марат Қалилаұлына 8 дауыс, кандидат Жұмаділлаев Ақылмұрат Исмайлұлына 366 дауыс, Кошкарбеков Нуркен Орынбековичке 299 дауыс берілді. Дауыс беру қорытындысымен Сунақата ауылдық округінің әкімі болып Жұмаділлаев Ақылмұрат Исмайлұлы сайланды. 1977 жылы туған, ұлты қазақ, Сунақата ауылдық округінің әкімі, Жаңақорған кентінде тұрады. Сайлауға өзі-өзін ұсынған.


Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін (бұдан әрі- ауылдық округ әкімдері) жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлау мәселесін көтерген еді. Осыған  орай республиканың Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдармен келісе отырып, мемлекетіміздің кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын әзірлеп, оларды ағымдағы жылғы 26 наурызда Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынған-ды.


Аталған заң жобаларына саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, қалың жұртшылық, зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін білдірді, ұсыныстарын айтты. ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатында екі ай бойы жан- жақты талқыланып, қабылданғаннан соң, жақында мемлекет басшысы оларға қол қойды. Аталған заңдар 4 маусымда күшіне енеді.


«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес енді бұдан былай аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтері әкімдерін тиісті әкімшілік- аумақтық бірліктің сайлаушылары тікелей өздері сайлайтын болады. БАҚ- тардағы мәліметтерге қарағанда, биыл еліміз бойынша екінші жартыжылдықта төрт жылдық өкілеттік мерзімдері аяқталатын 836 ауылдық округ әкімі сайланбақ. 


Сайлау туралы Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда әкімдердің сайлауын тағайындау, оларға қойылатын талаптар, әкімдікке кандидаттар ұсыну, ұсынылған кандидаттарды тіркеу, әкімдер сайлауын өткізу, сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау, сайланған әкімдерді тіркеу тәртіптері нақты айқындалған.


Сайлау заңнамаларына сәйкес ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу, сайлау қорытындысын белгілеу мәселелерімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы айналысады.


Екінші жартыжылдықта өткізілетін ауылдық округ әкімдерінің сайлауын аудандық аумақтық сайлау комиссиясы әрекеттегі әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде қырық күн бұрын тағайындайды және олардың заңда белгіленген өкілеттік мерзімі аяқталуына дейін кемінде он күн бұрын өткізілуге тиіс.

Қазақстан Республикасының азаматы ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін- өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36- бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.


Заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық дасаудағы кінәсі заңда белгіленген тәртіппен танылған адам кандидат бола алмайды.


Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады.


Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар- өзін- өзі ұсыну тәртібімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы, сондай- ақ егер ұсыну мерзімі аяқталатын күні екеуден аз кандидат ұсынылған болса, аудан әкімі жүргізеді.


Саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы.

Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды.


Ауылдық округ әкімдігіне өзін- өзі ұсынған кандидат дауыс беруге құқы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайыз дауысымен қолдау табуға  тиіс.


Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды.


Заңмен әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде (биыл- 42500 теңге) сайлау жарнасын енгізеді.


Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды.


Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады.


Сайлау алдындағы үгіт кандидаттар тіркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.


Ауылдық округ әкімін сайлау жөніндегі дауыс беру сайлау күні жергілікті уақытпен сағат жетіден жиырмаға дейін өткізіледі.


Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды және оны дереу аудандық аумақтық сайлау комиссиясына сайлау материалдарымен бірге тапсырады.


Сайлау қорытындыларын тиісті әкімшілік- аумақтық бірліктегі учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының отырысында сайлаудан кейін үш күндік мерзімінен кешіктірмей белгілейді.


Әкімді сайлау қорытындыдары туралы хаттама жасалады, оған аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері қол қояды.


Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын жинаған кандидат ауылдық округ әкімі болып сайланды деп есептеледі.


Сайланған әкімді аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімде тіркейді.