Қызылорданы көгалдандыру жұмысы жүйелі жүргізілуде
Қызылорда қаласын көгалды аумаққа айналдыру бұрыннан арман. Себебі сәл жел тұрса, бет қаратпас боран, ақ шаңдақ. Келген қонақ пен өзге облыс тұрғындарының «талсыз шаһар» деп айдар таққанына мезі болған жұрт мұның шешімін табуға ұмтылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Әдепкіде, яғни, 2000 жылдардың басында олқылықты «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы шешеміз деген әрекет болған. Сол тұста қаладағы Президент саябағы, облыстық полиция департаментінің алды, С.Бейбарыс көшесінің қос қапталы жасыл желекке айналды. Алайда көшет таңдаудағы қателік, күтіп-баптаудағы кемшілік, суарудағы салғырттық тақырыпқа түбегейлі нүкте қоя алмаған. Ал бүгінгі ахуал қай деңгейде? Қаланы көгалдандыру бағытында қандай жұмыс атқарылуда? Осы сауалға жауап іздейтін уақыт жеткен секілді.
Қалада қанша көшет егілді?
Экологиялық мәселе қыспаққа алғанда жасыл желек керек-ақ. Таза ауа, сая тал біршама жеңілдік сыйлары анық. Сондықтан маңыздысы – егілетін көшет санын ұлғайту. Мәліметке сүйенсек, 2025 жылға дейін республика бойынша 2 миллиард ағаш егу жоспарланған. 2021 жылы 138 миллион, 2022 жылы 280 миллион, 2023 жылы 409 миллион ағаш егілді деген болжам бар. Тіпті 2 миллиард ағаштың 318 миллион данасын тұқыммен егу арқылы, 1 миллиард 682 миллион данасын көшет күйінде отырғызу жоспарланған екен. Мысалы, өткен жылы Қызылорда қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға немесе ағаш отырғызып, суаруға жергілікті бюджеттен 11 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Биыл бұл жұмыс жалғасын тауып, 8000 түп ағаш отырғызу межеленген. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Қызылордада жаңа су қоймасы салынады деген болатын.
Жалпы Президент экология, көгалдандыру бағытына ерекше назар аударуда. Орман өрті мен климаттық өзгерістерді ескеріп, Үкіметке біршама тапсырма берген еді. Соның ішінде 2030 жылға дейін елдегі орман алқабын 5 пайызға дейін ұлғайту межесі ерекше атауға тұрарлық. Қазір аталған бағыттағы жұмысты жергілікті әкiмдiк атқаруда. Қаржыландыру үшін 5 жыл iшiнде республикалық бюджеттен 22,4 миллиард теңге, жергiлiктi бюджеттерден 60 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Бұл қаражат материалдық-техникалық қамтамасыз етуге бөлінген. Жобаны жүзеге асыру үшін Экология министрлігі кешенді жоспар бекітті, жоба көктемгі және күзгі тал егу маусымы секілді екі кезең бойынша жүргізілуде.
Жобада ілгерілеу бар. Мәселен, өткен жылы Қызылорда қаласы аумағына 5 мың түп тал егілген. Көшеттерді сатып алу, отырғызу, баптау жұмысына әкімдік 10 миллион теңгеге жуық қаржы бөлді. Алайда халықтың басым бөлігінің бұл бағытта атқарылған іске көңілі толмай отыр. Уақытылы суару, жер жайына қарай көшеттерді таңдау кемшін екенін айтуда.
Таңдау «Сыр талына» түсуі қажет
Көшет таңдау дегеннен шығады, қоғам белсенділері мен экологтар жыл сайын әкімдік тарапынан отырғызылған көшет түрлеріне наразылығын әлеуметтік желіге жариялайды. Сонда байқағанымыз, Сыр топырағы қарағаш, үйеңкі, жиде, тораңғыл егуге қолайлы екен. Ал әкімдік әдемілігі немесе бағасы саясатына қарай қылқан жапырақты өсімдіктерді әкелуге құмар екен. Осы олқылықтың салдарынан еккен тал тамыр алмай, қаншама қаржы желге ұшатындай.
Айта кетейік, бұл тек біздің өңірде бар мәселе емес. Қазақстанның көп аймаңындағы ахуал. Есте болса, өткен жылы сенатор Нұрлан Бекенов Экология және табиғи ресурстар экс-министрі Ерлан Нысанбаевқа жолдаған депутаттық сауалында осы олқылықты айтқан. Ол:
«409 миллион көшеттің кем дегенде 120 миллионы тамыр алмайды. Ағаштың әрі қарай өсіп-өспегені неліктен бақыланбайды, талданбайды? Заманауи жүйелер неге жұмыс істемейді? Бақылап, күтіп-баптау және суару қондырғылары орнатылмаған. Жалпы, байқағаным, қай қалада болсын, көгалдандыруға жауаптылар жер ерекшелігін ескеріп ағаш түрін таңдамайды. Отырғызу маусымын таңдауда қателік бар. Жас өскін алғашқы 3 жылда дұрыс күтімге алынбайды. Өңірлерде осы бағытта жұмысты күшейту маңызды», – деген болатын.
Сарапшылар сөзінше, жерасты ыза суының жақын жатуы, вегетациялық кезеңде күннің өте ыстық болуы өсіп тұрған талдарға әсерін тигізеді. Сондықтан Қызылордада ауа райы, климатына бейімделген эндемик өсімдіктерді отырғызған тиімді. Олардың ішінде қарағаш, Сыр талы аталып кеткен қызылағаш, үйеңкі бар. Сырдария өзенінің төменгі ағысында өсетін тораңғыл да қолайлы.
Биыл көшет егу маусымында аталған ескертпе назарға алынғанға ұқсайды. Қаладағы көгалдандыру жұмысына жауапты «Жасыл Қызылорда» мекемесіне сауал жолдағанымызда, көңіл көншітерлік жауап қайтарды. Айтуларынша, қылқан жапырақты өсімдіктерді емес, жергілікті климатқа қолайлы көшет отырғызған.
– Қызылорда қаласында көктем айларында 8000 көшет отырғызу жоспарланды. Бұл меже артығымен орындалып, 12 000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде ауа райына қолайлы, құрғақ, ыстық, шөлге төзімді Сыр талы, терек, қарағаш және сәндік ағаш көшеттері егілді. Аяқсу тұрақты беріліп тұрған С.Бейбарыс, Қорқыт ата, Сағымбаев және қаланың орталық көшелерінің көркін ашпақ. Наурыз айында «Жібек жолы», «Сарқырама», «Табиғат» секілді каналдар мен қалаішілік арық жүйелері толық тазаланды, – деді «Жасыл Қызылорда» мекемесінің басшысы Ажибек Мампаев.
Суару жүйесі жетілді ме?
Көшет егуден кенде емеспіз. Қылтиып тұрған көшетті уақытылы суармаса, еңбек еш кететіні түсінікті. Солтүстік өңірлердей жер райының өзі тамыр алып кетуге қолайлы болатындай жағдай жоқ. Шілденің ми қайнатар күнінде жерде тамшы су қалмай, адам көмегінсіз көктей алмайтыны бар. Сондықтан аяқсу жеткізу, каналдарды тазарту, суару жүйесін жетілдіру үнемі айтылады. Биыл бұл бағытта біршама жұмыс жүзеге асып, міндет азайғанын білеміз, Алдын ала жоспарланған жоба мен республикалық науқан аясында сенбілік көбейді, көшет отырғызу артты.
Қазір Сырдария өзені мен каналдардан 19 насос қондырғымен аяқсу берілуде. Сондай-ақ «Жібек жолы» каналы, «Сыр ана» монументі, Тәуелсіздік көшесі және Тұңғыш Президент атындағы саябақта орналасқан су сорғыш қондырғысы арқылы қалаға аяқсу жеткізіліп отыр.
– «Жібек жолы» каналында орналасқан су сорғыш қондырғысы арқылы Н.Назарбаев, Астана даңғылы және «Сырдария» мөлтек ауданы және 6 шақырымдай каналдар мен арық жүйелері аяқ сумен қамтылды. «Сыр ана» монументі жанындағы қондырғы арқылы С.Бейбарыс көшесі және «Береке» саяжайы және 1,5 шақырымды құрайтын каналдар мен арық жүйелері арқылы аяқсумен қамтылды. Сонымен қатар Тәуелсіздік көшесі бойында орналасқан су сорғыш қондырғысы арқылы қаладағы ең ірі ішкі канал –«Сарқырама» және орталық көшелерде орналасқан арық жүйелеріне су жетті, – деді Әжібек Мампаев.
Жалпы, бүгінде 10 ұңғыма арқылы сквер-аллеялар мен қаланың орталық көшелеріне аяқсу жетіп отыр. Ал аяқсу бармаған аумақтарда егілген жасыл екпелерді арнайы көлікпен аптасына 3 мезгіл суарау жұмысы қолға алынған. Бұл міндетті «Жасыл Қызылорда» атқаруда.
P.S. Қазіргі таңда «Жасыл Қызылорда» мекемесінде 60 маман еңбек етуде. Олар саябақтардағы көшеттерді күтіп-ұстау, гүлзарларға гүл егу, қураған ағаштарды кесу және балақтау, арықтарды тазартуға жауапты.
Б.ШАҒЫР