Жас спортшы жекпе-жектен кейін комаға түсті

1 513

Фото AFPҚарағандыда ережесіз жекпе-жекте күш сынасқан 18 жастағы жігіт комаға түсті,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы спортшы жігіттің әпкесі әлеуметтік желіде жазған.

"Мен Арысланның әпкесімін. Арыслан 2022 жылдан бастап осы спорт түрімен кәсіби түрде айналысады және осы уақыт ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Осы уақытқа дейін дәл мұндай жағдай болған емес. Ал бұл жолы спортшылардың қауіпсіздік ережелері дұрыс орындалмады, нәтижесінде інім ауыр жағдайға түсті", - дейді Арысланның әпкесі.

Ол дәрігелердің бауырының денсаулығына қатысты қандай да бір жақсы болжам жасамай отырғанын айтып, бұл ақпаратты таратып, желі қолданушылардан қолдау білдіруді сұраған.

Федерация директоры – Әділет Нұрмадиев. 18 жастағы спортшы Арыслан Атымтаев "Золотой дракон" спорт клубы атынан жарысқан. Жаттықтырушысы – Заур Мәжитов.

Сол күнге дейін Арыслан екі рет жекпе-жекке шығып, екеуінде де жеңіске жеткен. Спортшының жағдайы жақсы болған. Ал соңғы жекпе-жегінде қарсыласы Арысланды жерге басымен құлатқан. Ол спортта тыйым салынған әдісті қолданған. Бұл әдісті қолданбау керегін осы спорт түріне қатысатындардың бәрі біледі,- дейді портшының әпкесі.
"Оқиға орнында мейірбике ғана болған. Жедел жәрдем қызметі кезекшілік етпеген. Тіпті оны шақырмаған да. Жарақат алған жігітті 18 жастағы қатарластары жеке көлікке отырғызып, ауруханаға өздері жеткізген. Жаттықтырушысы да, спорт федерациясының басшылығы қастарында болмаған. Алғашқы ауруханаға барғанда нейрохирург жоқ деп, қабылдамаған", - дейді зардап шеккен спортшының туыстары.

Арысланның миына қан құйылып кеткен. Миға ауыр жарақат келтіріліп, миы ісіген. 2-3 дәрежелі кома диагнозы қойылған. Оған дереу ота жасалған.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар жасөспірімнің жағдайы өте ауыр дейді.

Оқиға бойынша облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған.

"Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 114-бабы "Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", - дейді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.