Аграрлық салада серпіліс бар
«Ауылшаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналуы тиіс». Қолда бар төрт түліктің жайын жасап, оның тұқымын асылдандыруға әрі бордақылауға ерекше көңіл бөліне бастады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Мұны соңғы жылдарда инвестиция мен субсидияның көлемі артуы мен шаруақожалықтардың саны артуынан бағамдауға болады. «Есесі қайтпас еңбек жоқ». «Мал – баққандікі, пұл – тапқандікі». «Ер еңбегі елге ортақ». Қазақтың дәстүрлі сөз өнерінің тереңіне бойласақ, төрт түлікті кәсіп етудің мәні мен маңызы айтылады. Туған халқымыз ежелден-ақ, мал шаруашылығына бейім, әрі әр түліктің қасиетін ұққан. Ата дәстүрді жалғастырып, мал шаруашылығын отбасылық кәсіпке айналдырып, табысын еселеп отырған жерлестеріміз көп-ақ. Оның ішінде мал басын асылдандырып, халықтың сұранысын қанағаттандырып жүрген шаруалардың ісі құрметтеуге лайық. Бұл бағытта еңбектенумен бірге іздену де өз алдына үлкен жауапкершілік жүктейді.
Жаңақорған ауданындағы берекесі дарыған Сүттіқұдық – бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі аймақ. Дала дидарының тұмса табиғаты бақташы қауымға қарасып тұр. Осы тұста, ауылдағы ағайынға бабадан қалған атакәсіпті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың алар орны айрықша. Осы тұста, мемлекет қолдауын сезініп, қарекет жасап отырған шаруашылықтың бірі Сүттіқұдық аулының тұрғыны – Махсатхан Раманқұлов. Ол – отбасылық кәсіпті өрістетіп, жылқы мал бордақылауды кәсіп еткеніне бірнеше жылдың жүзі болды.
Расында шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша басымдық беруде. Нәтижесінде, ауыл-аймақта кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары күн санап артуда. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосады. Әсіресе, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы сынды қолдау қорының демеуіне ел риза. Отбасылық кәсіпті талғажау еткен сүттіқұдықтық Махсатханның жары Гүлжахан Төрехожаева биыл тағы да аталмыш қолдау қоры арқылы 4 млн. теңге несие алды. Осылайша, 10 бас жылқыны бордақылаумен айналысып отырған отбасы ауыл-аймақтан бөлек Қызылорда қаласы мен Шалқия кентін ет өнімімен қамтамасыз етіп отыр. Жылқы етіне сұраныс қашанда жоғары екенін жасырмады. Отбасылық бизнес болғандықтан отағасына қашанда жары көмектеседі. Олар кәсіпкер ретінде тіркеліп, уақытылы мемлекеттік аударымдарымды аударып отқанын тілге тиек етті. Бұл да болса, салық базасының ұлғайып, ауыл әлеуетінің артуына үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Иә, Мемлекет басшысы сайын халыққа арнаған Жолдауында ет өнімдері экспорты әлеуетін арттыруды жүктеуде. Әзірге Махсатхан Раманқұлов ішкі нарықты игеріп, мал бордақылау кәсібіне әбден маманданып алғанша ауыл-аймақ пен аудан орталығын ет өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарға қойған. Соңыра, кәсібін кеңейтіп, көрші облыстарға ет экспорттау жоспары бар. Десе де, бұл отбасының мақсаты айқын. Ол – атакәсіпті арқау еткен ауылдағы ағайынның ахуалын тіктеу. Яғни, қолдау қаржы арқылы «екі қолға бір күрек тауып», ауыл әлеуетінің артуына ықпал ету. Межелі мақсатта кезең-кезеңімен орындалу үстінде. Тек, маңдай терді төгіп, адал еңбек ету керектігін сүттіқұдықтық шаруа естен шығарған емес. Керсінше, оны өмірлік ұстанымға айналдырып, қарекетін жасауда.
Осы тұста Аққорған ауылы – бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі аймақ. Жазиралы жайылымы төрт түлікті түлетіп һәм төлдетуге таптырмайтын жер. Содан болса керек, аққорғандық Сәдірқожа Атымтаев ауыл азаматтарының басын қосып, «Сәдір ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін қолға алды. «Біріккен істе береке бар» демекші, мал бордақылау кәсібін дөңгелетіп отырған қожалық әлі де мемлекет қолдауына үміт артады.
Расында ұсақ шаруалардың өндірістік кооперативтерге бірігудің маңызы зор. Өйткені, ет өнімдеріне деген сұраныс қашанда жоғары. Мәселен, «Сәдір ата» кооперативі өткен жылдың қазан айынан бастап, бүгінгі таңға дейін 35 тонна ет өнімдерін пұлдаған. Ең алғашқы ет өнімдерін облыс орталығында өткен «Алтын күз» мерекесінде қызылордалық тұрғындарға саудалаған қожалықтың шаруасы ширақ. Оған қоса, Елбасы жыл сайын халыққа арнаған Жолдауында ет және сүт өнімдері экспорты әлеуетін арттыруды жүктеуде. Әзірге бұл қожалық ішкі нарықты игеріп, мал бордақылау кәсібіне әбден маманданып алғанша ауыл-аймақ пен аудан орталығын ет өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарға қойған. Қазірде 200-ге жуық ірі қара малын байлап отырған кооператив мүшелері өз кәсіптеріне дән риза.
Осы тұста, аймақ халқының 60 пайызы ауылдық жерде тұратынын ескерсек, кооперативке бірігіп, тындырымды тірлік жасау бұл үлкен қолдау. Яғни, кооперативтерге бірігу арқылы кірістердің артуына, бәсекелестік қабілетін жоғарылатуға, бірлесіп өнім өндіруге, өңдеу және оны тиімді сатуға қол жеткізеді. Әрине, ауылда қорасындағы азын-аулақ малымен күнелтіп отырған жандар жетерлік. Алайда төрт түліктің өнімін өткізу оңай шаруа емес. Бұл тұрғыда өндірістік тұрғыда іріленуден ұтарымыз көп. Мемлекеттің діттеген мақсаты – отандық экономиканың, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенінің өзекті мәселесі – осы саланы дамытып, ауылдағы еңбек өнімділігін арттыру. Десе де, аудандағы ұсақ шаруа қожалықтардың ауызбіршілік танытып, өндірістік кооперивтерге бірігіп, аймақ бойынша көш бастауы қуантарлық жайт. Бұл бағытта аққорғандық Сәдірқожа Атымтаев басшылық ететін «Сәдір ата» ауыл шаруашылығы өндірістік коопертивінің мақсаты айқын. Ол – атакәсіпті арқау еткен ауылдағы ағайынның ахуалын тіктеу. Яғни, қолдау қаржы арқылы «екі қолға бір күрек тауып», ауыл әлеуетінің артуына ықпал ету. Межелі мақсатта кезең-кезеңімен орындалу үстінде.
Аудандағы атакәсіптің көкжиегі мал шаруасынан көрінеді. Ауылдағы ағайын ежелден айналысып келе жатқан мал шаруашылығы жыл сайын жанданып келеді. Күн сайын мал азығын даярлап, қиындығы мен қияметі көп жұмысты тындырып, кәсіп көзіне айналдырғалы көп болды. Соның қайтарымы жыл сайын төрт түлік төлдеп, бүгінде облыста мал басынан үздік аудан атансақ, аймақтағы жалпы есептің үштен бірін біздің аудан құрайды. Қыста қыстауда, жазда жайлауда жүретін шопандардың да еңбегі елеусіз емес. Жылда озат атанып келеді.
Бізде бұл кәсіптен тек мал басын көбейтіп қана қоймай, ет бағытында да жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Соның бірі Қыркеңседегі «Бекарыс – Агрофуд» ЖШС.
Міне, мал бағытындағы ата кәсібіміз осылай жалғасып келеді. Сұраныс та өте жоғары, өйткені, тау мен Сырдың бойынан нәр алған жануардың қоңын өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Тек субсидия деген ұғымды ырыққа көндіріп, пайдасын далаға жібергеніміз рас. Осыны тыю керек немесе жеке қалтаға емес, жалпы қоғамға пайдасы тиетіндей ету аса маңызды.
Қорыта айтқанда, бәсекеге қабілетті өнім өндіру, оларды ішкі нарық қана емес, сыртқы нарыққа да шығару – бүгінгі заман талабы. Бұл ретте өнімділікті арттыруға және өнім сапасын жақсартуға оң әсер ететін негізгі факторлар қатарында мал бордақылау жұмыстарын жүргізу маңызды. Біз осының мән-мазмұнын терең түсініп, еңбекті жүйелеген кезде ғана Қытай, Иран, Үндістан және т.б. үлкен нарықтан өз еншімізді аламыз.
Әлібек Жарықбаев