Сырдария ауданында кәмелетке толмағандармен жұмыс тұрақты назарда
Сырдария ауданында «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға жол бермеу, алдын алу мақсатында қабылданған шаралар туралы» аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Бегайдарова айтып берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
– Жанар Алмасқызы, аудандағы білім беру ұйымдарында оқушылар арасында құқық бұзушылықтың жалпы ахуалы қандай?
– Сырдария ауданы бойынша білім беру ұйымдарында оқушылар арасында қылмыстылықтың және құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтарының сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ету бағытында бірлескен тәртіпте атқарылатын ведомствоаралық
іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. 2023-2024 оқу жылында аудан бойынша 17 мектепте 8 193 оқушы білім алды.
Есепті мерзімде мектеп оқушыларымен жасалған құқық бұзушылықтар бойынша профилактикалық есепке 2 жасөспірім №36 мектеп-лицей – 1, №210 орта мектеп – 1 ұрлық оқиғалары бойынша алынып отыр.
Мектепішілік есепке 48 оқушы алынған. №36 мектеп-лицей – 17, №37 орта мектеп – 4, №126 орта мектеп – 3, №129 мектеп - 1, №210 орта мектеп –5 оқушы, №35 мектеп – 8, №42 мектеп-лицей – 10. Есепке алынған жасөспірімдердің барлығы педагогтер тарапынан тұрақты бақылауға алынды.
Аудан бойынша өмірдің қиын жағдайында қалған отбасында тәрбиеленіп жатқан 18 оқушы бар. Оқуға себепсіз келмейтін, қолайсыз отбасындағы оқушылар тіркелмеген. Биылғы оқу жылында беймезгіл уақытта заңды өкілінсіз түнгі уақытта көшеде жүріп құқық бұзған 35 оқушы тіркеліп, заңды өкілдеріне әкімшілік шара көрілді. Мектепішілік есептегі балалармен сынып жетекшілері және педагог-психологтар арқылы жекелей жұмыстар жасалып, тәртібі мен сабақ үлгерімдері қатаң бақылауға алынды.
– Алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз?
– Жалпы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша ағымдағы оқу жылы 350 дөңгелек үстел мен ата-аналар жиналысы, 400-ден аса тәрбие сағаты және жоғары сынып оқушылары арасында дебат ойындары ұйымдастырылды.
Мектеп қабырғасында білім берумен қатар ұлттық тәрбиеге ден қойып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді қажет етеді. Олай дейтініміз, қазіргі таңда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзу, электронды темекіге әуестік, топтық төбелес, әлімжеттік, буллинг, кибербуллинг, түнгі жүрістің белең алуы тәрбие жұмыстарының әлсіз тұстарын көрсетті.
Осыған орай, мектептерде рухани-адамгершілік тәрбие беру, адамзаттық құндылықтарды дамытуда ата-ана, мектеп, оқушы үштік одағының жұмысы жолға қойлып, «Ата-аналар комитеті», «Әжелер мектебі», «Әкелер кеңесі», «Аналар Академиясы» жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін ата-әжелер, әке, аналардың қатысуымен 300-ден аса шара өткізіліп, 2500 ден аса оқушы қамтылды. Білім бөлімі тарапынан оқушылардың сабақтағы және каникул күндерінде бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында іс-шаралар жоспары әзірленіп, шаралар өткізіліп келеді. Демалыс және мереке күндері оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мамыр айында «Тәртіптің тетігі – тәрбие» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өткізіліп, барлық білім беру ұйымдарында ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылды.
– Жасөспірімдермен жұмыс барысында полиция бөлімі қызметкерлерімен т.б. құзырлы органдармен бірге атқарылған іс-шаралар барысына тоқталсаңыз?
– Аудандық полиция бөлімімен кәмелетке толмағандардың заңға мойынсұнушылық мінез-құлқын қалыптастыру мақсатында мектептерде әр айдың бірінші жұмасында «Құқық күні» ұйымдастырылып, оқушылармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, құқықтық ағарту жұмыстары бойынша ай сайын 8-11 сынып оқушыларына учаскелік полиция қызметкерлері және сынып жетекшілерінің қатысуымен тақырыптық лекциялар оқытылды.
Денсаулық сақтау, полиция және прокуратура өкілдерінің қатысуымен мектептерде құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық шараларын ұйымдастыру, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық және қылмыс, нашақорлықтың алдын алу, интернет қауіпсіздігі мен суицид, зорлық-зомбылық, ерте жүктіліктің алдын алу бағытында ақпараттық танымдық біліммен қамтамасыз ету шаралары жүргізілді.
Түсіндірулер барысында бейнероликтер көрсетіліп, жадынамалар таратылды. Құқықтық түсіндіру шараларына 8-11 сыныптың 4300 оқушысы қатысты. Өткізілген шаралардың барлығы әлеуметтік желілер арқылы ақпараттандырылды. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен де тығыз байланыста жұмыс жасалуда. 17 сәуір күні аудандық мәдениет үйінде «Баланың бас ұстазы-ата-ана» тақырыбында кеңейтілген аудандық ата-аналар жиналысы өтті. Іс-шараға «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының директоры Шәкизат Қаратайұлы қатысып, ата-аналармен еркін пікір алмасып, түсіндіру шараларын жүргізді.
Беймезгіл уақытта, компьютерлік клубтар мен көңіл көтеру орындарында жасөспірімдердің заңды өкілінсіз еріп жүруін болдырмау, құқық бұзушылық пен қылмыстылықтың алдын алу бойынша әр аптаның жұма, сенбі және мереке күндері бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Ағымдағы жылы 150-ден аса рейд ұйымдастырылып, оған 150 ата-ана, 450 педагог қатысты.
Бала тәрбиесімен қатар олардың қауіпсіз ортада өмір сүруі – ерекше жауаптылықты қажет етеді. Осы орайда, барлық білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі жолға қойылып, бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылды.
Аудандық прокуратураның бастамасымен білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алынған сауалнама нәтижесінде оқушылар арасында электронды темекіге әуестік, бопсалау мен әлімжеттік және топтық төбелестің белгілері анықталды. Сауалнама нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында үйірмелер мен спорттық секциялар жұмысы жолға қойылған.
Мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарында домбыра, би, қобыз, ән, драма, көркемсөз, қол өнер, сурет т.б 156 үйірме жұмыс жасаса, оған 3968 бала мен жасөспірімдер қамтылған.
Спорттық секциялар волейбол, баскетбол, футбол, теннис т.б 141 болса, оған 3586 жасөспірім тартылған.
Тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 1660, мектепішілік есептегі 48 баланың бос уақыттарында әртүрлі спорттық, мәдени және басқа да шараларға тарту жұмыстары ұйымдастырылуда. Спорттық жарыстарды өткізуге, олардың спорттық нысандарға қол жетімділігіне еш кедергі жоқ, ақысыз негізде өткізіліп келеді.
Алдағы уақытта да балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтарының сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ету бағытында тиісті органдармен бірлесе отырып, бекітілген жоспарға сәйкес әрі қарай жүргізіле беретін болады. Аталған мәселе білім бөлімінің қатаң бақылауына алынған.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ