Қызылордада қойшы ауылдан 20 жастағы әйелдің денесі табылды
Қызылорда облысында ер адам әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
20 жастағы әйелдің өлімі туралы ақпарат Telegram-дағы Egov.press арнасында жарияланды.
"Шұғыл жаңалық. Кейбір дерек көздер Қызылорда облысының тұрғыны әйелін қатыгездікпен өлтіріп, қашып жүргенін хабарлап жатыр. Осы адамды көрген-білгендер болса, полицияға хабарлаңыздар. Қылмыс Шиелі ауданы Майлытоғай ауылында болған", - делінген жазбада.
Сондай-ақ хабарламада полицейлер таратқан бағыттама жарияланған. Онда көз жұмған әйелдің күйеуі күдікті ретінде танылып, іздестіріліп жатқаны көрсетілген. Бағыттамада Майлытоғай ауылы маңындағы қойшы ауылдан 20 жастағы әйелдің денесі табылғаны жазылған. Бұл оқиғаға қатысты Қызылорда облыстық полиция департаментінің өкілдері пікір білдіріп, күдікті ұсталғанын хабарлады.
"Қазіргі таңда іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге мәліметтер тергеу құпиясын сақтау мақсатында жарияланбайды", - деді Қызылорда облыстық полиция департаменті.