Сенат депутаттары ауданға келді

1 501

Қармақшы ауданыБүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов ауданға іс сапармен келді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Сапар барысында депутаттар аудан басшысы Жандос Еркінбекұлымен бірге елді-мекендерді аралап, құрылыс пен инфрақұрылымға қатысты жобалармен танысты.


Алдымен Ақжар ауылындағы былтыр пайдалануға берілген дәрігерлік амбулаторияның жұмысын көрді. 5 төсектік күндізгі емдеу орнында 14 медицина қызметкері тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.


Мұнан бөлек, депутаттар аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент-Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев» автомобиль жолының жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда аталған жол толығымен жөнделіп, жол белгілері орнатылуда.


Мұнан соң сенаторлар Жосалы кентінде аудан ардагерлерімен Қоғамдық кеңес мүшелері, ҮЕҰ өкілдері, мәслихат депутаттарымен кездесіп, Парламент Сенатының VIII шақырылымының 2 сессиясында қабылданған заңдар туралы ақпарат берді. Жиын барысында қойылған сұрақтарға жауап беріп, қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.


Одан кейін Сенат депутаттары Төретам кентінде болып, орамішілік газ тарту желілері жұмыстарымен және Ақай ауылындағы денешынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты.


Қазіргі таңда Төретам кентінде жоба бойынша 79470 шақырым газ құбыры тартылып, 183 шаңырақ көгілдір отынның игілігін көріп отыр. 435 тұрғын техникалық шарт алуға өтініш тастаса, 428 тұрғынға техникалық шарттары табысталған.


Айта кетейік, аймақ басшысының қолдауымен өткен жылы Ақжар, Тұрмағамбет, Дүр Оңғар ауылдық округтерінде жаңадан дәрігерлік амбулаториялар салынып, ел игілігіне берілсе, Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал, Ақай ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Жосалы кентінде Руханият орталығы мен кезекте тұрған тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға арналып 100 үйдің құрылысы жүруде.


Сонымен қатар, елді мекендерді газдандыру мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде.