Полиция формасын киіп әйелдерге гүл сыйлаған қызылордалыққа айыппұл салынды

1 584

Фото: Wallpapers СraftӘйелдерге полиция формасын киіп гүл сыйлаған қызылордалыққа айыппұл салынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Zakon.kz-тің жазуынша, оқиға осыдан бір ай бұрын Қызылордада болған. Полиция формасын киген ер адамның әйелдерге гүл сыйлап жүрген бейнесі әлеуметтік желіде тараған. Белгілі болғандай, бұл қаладағы гүл дүкендерінің бірінің жарнамасы екен.


«Жарнамаға түскен қызылордалық полиция қызметкерлерінің киімін заңсыз киген. Заң бойынша бұған жол берілмеуі тиіс. Оның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, түсіндірмемен, заттарды алып қою туралы хаттамамен және істің басқа да жиналған материалдарымен дәлелденген. ӘҚБтК-нің 675-бабының 1-бөлігіне сәйкес («Полиция қызметкерлерінің нысанды киімін заңсыз кию») қызылордалық құқық бұзушылыққа жол берген болып есептеледі. Азаматтық тұлғаларға айырым белгілері және (немесе) әскери символикасы бар әскери киім формасын, сондай-ақ формалар мен арнайы киімдерді киюге болмайды», - деп нақтылады Қызылорда әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының әкімшісі Айгүл Аблаева.


Санкция жеке тұлғалар үшін 5, заңды тұлғалар үшін 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды және арнайы киімді тәркілеуді көздейді. Сондай-ақ, Аблаева полицей формасын киіп жарнамаға түскен қызылордалық азаматқа 12 мың 922 теңге айыппұл салынғанын атап өтті.