Сол жағалау: Көне шаһардың жаңа дәуірі

1 532

Фото: Сыр бойыӘлемде өзен жағалай қонған қалалар аз емес. Мысалы, Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон Темзада тұр. Қазақстан бойынша Есілдің бойында – Астана, Жайықтың бойында – Атырау, Сырдарияның бойында – Қызылорда, Тобылдың бойында – Қостанай, Ертістің бойында – Семей мен Павлодар орналасқан. Иә, бұл өзендердің қай-қайсысы да өзі орналасқан өңірге көрік беретіні даусыз, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Сыр бойы" газетінің сайтына сілтеме жасап.


Еліміздің бас қаласын Алатау баурайынан Арқа төсіне көшіру туралы шешім қабылданғанда көп адам мұны түсінбей, таңырқай қараған болатын. Әйтсе де, қаланың макеттегі көрінісі шапшаң жылдамдықпен көз алдымызда бой түзей бастағанда жұрт ол ойынан қайтқандай болды. Өйткені астанамыз күн санап көркейіп, келбетіне келбет қоса берді. Ал Есілдің сол жағалауына ел қонып, зәулім-зәулім үйлер мен ғимараттар салынатыны ешкімнің түсіне де кірмеген еді. Бірақ орасан еңбектің арқасында арман қала көз алдымызда жас қыздай жасануын жалғастырып келеді.


Біздің облыста дарияның арғы бетін астананың үлгісінде кешенді түрде игеріп, дамыту 7-8 жыл бұрын бас жоспарға сәйкес басталған болатын. Оның алғашқы кезеңі 2017-2020 жылдар аралығы болып белгіленді. Сол жағалауға тыңнан түрен салуға жетелеген тағы бір жайт – тұрғындар санының және урбанизация деңгейінің өсуі. Жаңа қаланың іргетасын қалау бағытындағы жұмыс мерзімінен бұрын басталды. 2016 жылдың өзінде Сырдария өзенінің қос жағалауын байланыстыратын көпір қолданысқа берілді. Бас жоспарда аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көзделген. Негізінен сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Оның ішінде тұрғындарға арналған, индустриалдық аудандар, ірі саябақ пен жасыл желекті аймақтар бар.


Қазіргі күні сол жағалаудың ауқымы кеңейіп, әртүрлі құрылыс нысандары көбейіп келеді. Дегенмен, алғаш (2018 жылы) бой көтерген нысан – Қазақ орталық атқару комитеті ғимаратының үлгісі негізінде салынған қалалық музей. 1925 жылы осы нысанда «қазақ» деген тарихи атауды қайтару туралы қаулы қабылданған болатын. Осылайша еліміз «қырғыз-қайсақ» атауынан құтылып, Алаш зиялылары мен ардақтыларының арманы орындалды. Алайда, тарихи нысан баяғыда бұзылып кетті. Жергілікті ғалымдар кейін оның сызбасын архивтен тауып, бұл тарихи шешім қабылданған орынды қайтадан бірдей үлгіде салып шығуға мүмкіндік берді.


Одан бері талай нәрсе өзгерді. Өзгергенді көз көрді. Жаңа қалада қыз-қыз қайнаған тірлік бір толастаған емес. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда мұнда жергілікті бірнеше компания маңызды әлеуметтік нысандар салып жатыр.


"Оның ішінде жатақханасымен қоса физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, музыкалық колледж, республикалық көпфункциялы спорт орталығы, оқушылар сарайы, үстел теннисі орталығы, 7 мың орынға арналған стадион мен 900 орындық мектеп бар", – деді басқарманың құрылыс бөлімінің маманы Әділбек Ысқақов.


Көп ұзамай облыстағы бірегей медициналық нысан – қан орталығы халық игілігіне беріледі деп күтіліп отыр. Жобалық құны 2,5 миллиард теңге болатын құрылыстың бас жобалаушысы – «Крез-Сервис», ал жауапты жұмыстың бастан-аяқ басы-қасында жүрген – «СК Дәнекер» серіктестіктері.


Мердігер компанияның атқарушы директоры Жоламан Спановтың айтуынша, жоба барысында қолданылған құрылыс заттарының 90 пайызы – қазақстандық өнім.


"Мәселен, тас, қиыршық тас, шақпа тас, цемент, кірпіш, жабынды плиталар – жергілікті зауыттардан. Ал арматура сияқты  кейбір өнім түрлері өзімізде өндірілмейді. Сол себепті сырттан тапсырыспен алдыруға тура келеді", – дейді ол.


Ал бір жыл бұрын заманауи үлгідегі жаңа білім ордасы – дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы мектеп-интернат ғимаратының іргетасы қаланды. Бүгінде құрылысшылар өздеріне сеніп тапсырылған жұмысты аяқтауға күш салып жатыр.


Дарияның арғы бетінде тұрғын үйлер көптеп салынды және құрылыс жұмысы әлі жалғасуда.


Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаевтың айтуына қарағанда, Сырдария өзенінің сол жағалауында қазіргі уақытта кредиттік 470 пәтерлі 5 қабатты 10 және 504 пәтерлі 7 қабатты 6 тұрғын үйдің, тұрмыстық ахуалы төмен отбасыларды пәтермен қамтамасыз ету мақсатында 1154 пәтердің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.


"Осы жылдың шілде айында тұрғындарға Сырдария өзенінің «Сол жағалау-2» шағын ауданындағы ипотекалық 470 пәтердің кілті табысталады. Ал қараша айында 504 пәтерлі 7 қабатты 6 тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Осал топтағы отбасыларға арналған пәтерлерді сатып алу 2024 жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр", – деді бөлім басшысы.


Кезінде адам тұрады деп ойламаған, шаңы бұрқырап аспанға көтеріліп жататын арғы бет қазір өзінше бір қалаға айналды. Ондағы тұрғындар үй-жайлардың көз ілеспес жылдамдықпен салынып, айналасының азғантай уақыт аралығында адам танымастай кейіпке енгеніне куә.


Қала тұрғыны Нәзира Талғатқызының отбасымен сол жағалауға қоныстанғанына 3 жарым жылдың жүзі болды. Қаншама жас отбасы үшін баспана мәселесі бас ауыртар жайт екені белгілі. Ал кейіпкеріміздің айы оңынан туып, осында тұру бақыты бұйырды.


"Бүгінде сол жағалау күн санап көркейіп келеді. Онда түрлі құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 7 қабаттан тұратын зәулім үйлер мен жаңа автовокзал салынды. Жақында стадионның іргетасы қаланды. Сонымен қатар көгалдандыру және көркейту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осылайша сол жағалау қаламыздың көрікті жеріне айналып үлгерді. Әрине, мұның барлығы аймақ басшылығының қолдауымен жүзеге асып отыр", – дейді Нәзира Талғатқызы.


Сол жағалауда құрылыстың қызуы көпке дейін басылмайды, ол енді түсінікті. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы қазіргі уақытта «Қызылорда арена», қалалық емхана мен облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығы ғимаратының құрылысы жобасының жоба-сметалық құжаты әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл тізім айлар-жылдармен бірге жалғасатыны анық. Ендеше, сол жағалау әлі де асқақтай түседі, құлпыра түседі деген сөз.


Назерке САНИЯЗОВА