ҰЛТТЫҚ ЖОБА ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына қатысты мәселелер қаралып, тиісті тапсырмалар берілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, талқыланған мәселеге орай аймақтағы жағдайды бағамдады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасына жобалардың қаржыландырылуын бақылауда ұстау тапсырылды.
Айта кетейік, Шиелі аудандық көпбейінді ауруханасына салынатын қосымша құрылыс жобасының мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды. Мұнан бөлек, Арал, Қазалы, Жаңақорған көпбейінді аудандық ауруханаларының қосымша құрылысы жобасы мемлекеттік сараптама қарауына енгізілді. Қорытындыны тамыз айында алу жоспарлануда.
Нұрлыбек Машбекұлы ұлттық жоба аясында салынатын нысандар Мемлекет басшысының және Үкіметтің ерекше назарында екенін қаперге салып, құрылысқа қарқын қосуды тапсырды. Ең бастысы, ғимараттар сапалы болуы тиіс. Жауапты мекеме басшыларына барлық нысанның халыққа ыңғайлы, жайлы болуы керектігі ескертілді. Сондай-ақ, тазалығы, қасбеті талапқа сай болуын қатаң қадағалау керек. Жаңа дәрігерлік амбулаторияларды мамандармен, жаңа санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету назардан тыс қалмауы қажет.