"Бұл қыршын жастар келмеске кетті": Саясаттанушы Украинада қаза тапқан қазақтардың суреттерін жариялады

506

Саясаттанушы Самат Нұртаза Украина жерінде Ресей әскері құрамында жүріп мерт болған қазақтар туралы жазды. "Бұл қыршын жастар келмеске кетті" деген автор, марқұмдардың суреттерін жариялады. Көз жұмғандардың арасында өрімдей офицерлер көп,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап.
 
"Кеше күні бойы Ресей сайттарынан, Украин сайттарынан, Google мен Яндекстен Украинада қаза болған қазақтар туралы жаңалық іздеп, солар туралы бірнеше пост салдым. Әрине Украинада мерт болған барлық қазақ туралы ақпаратым жоқ, себебі Астрахан облысындағы нағашыларым 14 қазақ отбасы қара жамылғанын хабарлады. Ал Омбы мен Орынбор, Саратов пен Самарадағы ағайынды білмеймін.

Бұл ақпаратты не үшін жинадым, не себепті іздендім, не мақсатпен пост салдым? Басты мақсат - Қазақстан қоғамына қазақ жастарының соғыста қаза болғаны қандай құбылыс екенін көрсету. Бұл қыршындай жастар келмеске кетті. Барлығы Ресей Федерациясының азаматтары. Біреу үшін бұлар қаһарман батырлар, біреу үшін сатқын зомбилар. Екі пікірдің өз шындығы бар.
Бұл жерде айтайын дегенім, президентіміз Қ.Тоқаевтың сыртқы саясаттағы бейтарап саясаты, Елімізді тыныштық пен тұрақтылықта ұстап отыр. Егер сыртқы саясатта мінез көрсетіп, “батырлық рух” пен “намыс қозып” кеткенде, тура осы фотолардың орнында сіздердің жақындарыңыз бен сіздің өзіңіз болуыңыз мүмкін.

“Болсам болайын!” дерсіз. Дұрыс. Отан қорғаған ерлік. Ата-бабаларымыз Ел мен Жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғады дегендей …. Бірақ біздің ата-бабамыздың қолында найза болғанда, жауының қолында да найза болды ғой. Ал бүгін сенің қолыңда қосауыз мылтық болса рахмет. Жауыңның қолында зымыран мен ұшақтар, артиллерия мен бомбалар. Айта берсе сөз көп. Еліміз тыныш болсын!
", деп жазды саясаттанушы Самат Нұртаза

Еске салсақ, Украинада Ресей әскері мен арада қарулы қақтығыстар болып жатыр. (Ресей тарапы оны арнайы әскери шара деп отыр). Салдарынан мыңдаған адам көз жұмып, бірнеше миллион украиндықтар елден босып кетті.