Есірткі шегіп есіргендерге шектеу болмайды ма?

1 442

Денсаулыққа кері әсер беретін «қажеттіліктердің» қарқыны артып, қарсы тойтарыс берер тосқауыл азайып барады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бұлай деуге негіз де жоқ емес. Елімізде есірткіні беймедициналық мақсатта қолдану енді қылмыс емес, бар болғаны әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қарастырылмақ. Аталған заң өз күшіне енер болса, есірткі қолданушылардың саны едәуір көбеймей ме? 


Ақ ажалдың арбауында жүрген азаматтардың саны 2018 жылы 20 мың болса, былтыр 110 мыңнан асып жығылған. Қылмыс ретінде қарастырылғанның өзінде аз ғана уақытта бес есе өсіп, әкімшілік құқықбұзушылық кезіндегі жағдайды елестету қиын. Жазаны жеңілдету жаңылысқандық емес пе? Жағдай ушықса, жауапты кім?


Есірткі сатудың алдын алу шаралары көптеп жүргізілгенімен, түбімен жоюға қауқар жоқ. Себебі есірткіні саудалағандар әлеуметтік желілерде түрлі схемаларды қолданып, тұтқынға түсуі қиынға соғуда. Қабылданар заң күшіне енсе, есірткі саудалағандардың қалтасы қалыңдап, қаражаты артпақ. 


Заңды жақтаушылар да, даттаушылар да бар. Бірі бұл заңның дұрыс емес деп, есірткінің артында ел тұрғанын ескертіп дабыл қақты. 


«Заңды қатаңдату керек деп есептеймін. Себебі есірткі қолданатындар жеңілінен бастайды. Бұл дәлелденген. Заңға қайшы жұмыс істесе, салдарын білсе, сескенеді. Сондықтан қандай мөлшерде болсын, әкімшілік жауапкершілікпен құтылмауы керек. Орнына заңды одан сайын күшейту қажет. Синтетикалық есірткінің арзан және уыты героиннен екі есе күшті болуы қауіпті», – дейді Алматы қаласы психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев.


Есірткі заңсыз айналымда болған кезде оның қолданушылары арта түспек. Аталған заңды ұсынушы Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева:

“Қылмыстық Кодекстің 296-бабының 1-бөлігі "Өткізу мақсатынсыз есірткі құралдары, психотроптық заттармен заңсыз жұмыс істеу" бабын әкімшілік құзіретке көшіру ұсынылады. Бірақ қоғамдық орында қолданғандарға қылмыстық жауапкершілік қалсын”, – деді.


ІІМ қызметкерлерінің айтуынша, бұл заң ең бірінші кезекте есірткіге тәуелділердің нақты санын білуге көмектеседі. Себебі мұндай құқықбұзушылықтың саны екі есе азайғанымен, қолданушылардың қарасы кеміген емес. 


Тәуелділіктің түбі ешқашан жақсылыққа апармайды.  Ел болып есірткіні жою керек! Себебі нашақорлықтың соңында елдің нығыздығы тұр!


Мерей Көшербай