АУДАНДЫҚ МАҢЫЗДАҒЫ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ МӘСЕЛЕСІ ОҢ ШЕШІМ ТАПТЫ
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов М.Шәменов елді мекеніне кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Елді мекен тұрғындары үшін маңызға ие күре жолдың ең бірінші сапасы жоғары болу қажеттігін жеткізді. 1,4 шақырымды құрайтын автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі таңда Жалағаш ауданы бойынша елді мекендерге бағытталған негізгі күре жолдардың барлығына толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Ел президентінің, үкімет басшысының және облыс әкімінің қолдауымен аудан аралық жол мәселесі оң шешім тапты.
Сондай-ақ, аудан әкімі Жалағаш кентінде салынып жатқан жеке тұрғын үйлердің құрылыс сапасымен танысты.
2024 жылы Жалағаш кентінен тұрғындардың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй қорынан 100 тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен арнайы қаржы қаралды.
Бұл ретте, Ардақ Ибраимов тұрғындар ұсынысына сәйкес, өткен жылғы кемшіліктер қайталанбас үшін сатып алынатын тұрғын үйлердің құрылыс сапасына мән берілетінін жеткізді.