Аяғынан айырылған зағип қарияға мемлекеттен арба мен көмек берілмей жатыр
Павлодар облысында ерекше қажеттігі бар қария өзіне арба мен күтім құралдарын ала алмай жүргенін жеткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Айтуынша зағип жанның биыл аяғы ампутацияланған. 80 жастағы қарияны ұлы көтеріп тасымалдап, жөргек пен қажеттіліктерінің қаржылай ауыртпалығын көріп жүр екен.
Бұл қарияның жағдайы туралы "Алтын бата" қоғамдық қоры дабыл қаққан. Бірнеше жылдар бойы зағип әкесіне қамқорлық жасаған ер адам олардан көмек сұрапты. Оның үстіне онсызда көру қабілеті нашар қария биыл аяғынан айырылған. Енді оған арба, жөргектер мен басқа да жеке гигиена құралдары қажет.
Ал мұндай көмекті алу үшін диагнозын өзгертіп, қайта куәландыру қажет екен. Бұл кезде ол үш ай бойы жәрдемақысыз қалу керек деп түсіндіріпті.
Мәселе көтерілгеннен кейін Денсаулық сақтау басқармасының басшысы пациентке медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге, оңалтудың жеке жоспарын әзірлеуге жәрдем көрсетілетініне уәде еткен. Олар пациенттің өзі де, оның ұлы да жеке көмекші ретінде ешқандай төлемдерді жоғалтпайтынына сендірді.