Салық көлемін арттыру – азаматтық борышымыз

1 501

Сыр бойыСалық саясатындағы кез келген өзгеріс халықтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан саладағы реформа мен көрсеткіш деңгейін бағамдау аса маңызды. Осы орайда Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Амановпен сұхбаттасудың сәті түсті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Сыр бойы" газетінің сайтына сілтеме жасап.


– Ғани Мырзағабылұлы, биыл аймақтағы салық түсімі қай деңгейде?


– 2024 жылдың 6 айының қорытындысына сүйенсек, Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті арқылы бюджетке  207,6  млрд теңге түсім түсірілді. Жартыжылдық мемлекеттік бюджеттің жоспары 110,5 пайызға орындалды. Аталған көрсеткіш, статистиканың жылдан-жылға жақсарғанын білдіреді. Мысалы, 10 жыл бұрынғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, мемлекеттік бюджетке 88 млрд теңге түсім түссе, өткен жылдың қорытындысымен 265 млрд теңге қамтамасыз етілген. Демек, 10 жылда түсім 177 млрд теңгеге немесе 3 есеге артып отыр. Ал жергілікті бюджетке келетін болсақ, 2014 жылы 61 млрд теңге түсім түссе, бүгінге дейін 50 млрд теңгеге артып, биыл салық пен түсімдер 111 млрд теңгені құрады. Яғни, 10 жылда 2 есеге жуық артқан.


– Кейінгі жылдары салада цифрландыру, ақпаратты жүйелеу жұмысы қарқын алды. Бұл негізгі көрсеткішке қалай әсер етуде?


– Мемлекеттік кіріс үнемі бақылау мен жаңартуды қажет етеді. Себебі бұл сала халық көкейіндегі мәселелерді шешіп, тұрмыс-тіршіліктің дамуына ықпал етеді. Әлеуметтік-экономикалық жағдайды ретке келтіріп, қоғамдық тәртіп пен қатынасты қамтамасыз етеді. Осы ретте мемлекеттік кірістер органдары аз уақыт аралығында мемлекеттік бюджет түсімін қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар көптеген реформаны жүзеге асырды. Оның ішінде өзіңіз айтқан цифрландыру, ақпараттарды жинақтау бағытында оң динамика қалыптасты. Өзгерістер ашықтыққа жетелеп, заңсыздық орын алмауына әсер етуде.


Бұның бәрі жүйелі түрде атқарылған жұмыс пен цифрландырудың нәтижесі. Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесі мемлекеттік органдарының арасында алдыңғы қатарда. Мейлінше өзекті деректермен қамтамасыз етілген. Көптеген мемлекеттік мекеме өз ақпараттық жүйелерін бізбен ықпалдастыруға ынталы.


Жылдан-жылға уәкілетті органдармен ақпараттық жүйелерді интеграциялаудың нәтижесінде жедел және жеткілікті мәлімет алмасуға қол жетті. Бұл өз кезегінде әкімшілендіруді жетілдіру, бюджет түсімін ұлғайтуға септігін тигізді десек болады.


– Нәтиже байқала ма?


– Әрине. Мысал келтірейік. 10 жыл бұрын әрбір аумақтық басқарма көлік құралдары бойынша уәкілетті органнан мәліметтерді бөлек-бөлек алатын болса, бүгінде уәкілетті органдармен интеграцияланған мәліметтер жүйесі арқылы жеке тұлғалардың  көлік құралдары туралы мәліметтері МКК-ға жолданады.  Осы арқылы жеке тұлғаның көлік құралдар салығы автоматты түрде есептеліп, бет есепке көшіріледі. Нәтижесінде 2014 жылы көлік салығынан  800,0 млн теңге түскен болса, биыл 2,3 млрд теңге түсіп, 1,5 млрд теңге артығымен  қамтамасыз етіліп отыр.


Сонымен бірге тауардың сатушыдан сатып алушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі толықтай қолданысқа енді. Облыста I жартыжылдықта «АСТАНА-1» АЖ арқылы 2893 кедендік декларация рәсімделді. Ал өткен жылы  6648 кедендік декларация рәсімделген болатын.


Қызметіміздегі цифрландыру жұмыстары одан әрі жалғасын табады. Мемлекеттік кірістер комитетінің тарапынан тағы да бір жаңа жоба іске қосылуда. Ол салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесінің жаңа бағыты. Бұл – жобада барлық қызметтік жүйелер топтастырылған. Жаңа жүйенің негізгі бағыты салықтық әкімшілендірудегі  жұмыстарды біріздендіру екені сөзсіз.


– Бұрын кірісін жасырып-жабу, жалтару оқиғалары кездесетін. Кейінгі деректерге сенсек, мұндай олқылық азаюда. Азаматтардың салық төлеу мәдениеті толық қалыптасты деп ойлайсыз ба?


– Салық көлемін арттыру, елдің экономикалық қуатын молайту – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Ол үшін заң шеңберінде әрекет жасап, ашықтыққа ұмтылуымыз шарт. Бұл межені аймақтағы салық төлеушілер түсініп, салық төлеу мәдениеті дамып келеді. Мысалы, 2015 жылы мемлекеттік тіркеуде тұрған салық төлеушілер саны он жыл ішінде 1,3 есе өсіп, 832702-ге жетіп отыр. Он жыл аралығында  көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны 1,3 есеге ұлғайып, көрсетілген электронды қызметтер 70 пайыздан 99,8 пайызға жетті.


Біздің негізгі міндетіміз – салық төлеушілерге барынша қолайлы жағдай жасау. Сапалы қызмет көрсетілсе, азаматтар салық төлеуден жалтармайды деп ойлаймын.          Бұдан бөлек түсіндіру жұмысын күшейту арқылы салық төлеушілерге әкімшілік шараларды азайтуға мүмкіндік туып, салық төлеушілердің «көлеңкеден» шығуына жол ашылды. Яғни, ашықтық арқылы азаматтар заңға сәйкес міндетін орындап, бюджет түсімін арттыруда.


Атап айтсақ, 2015 жылы әкімшілендіру нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 7,6 млрд теңге қосымша өндірілген болса, бұл көрсеткіш өткен жылдың қорытындысымен 17,1 млрд теңгеге жетіп, 2,3 есеге артып отыр.


– Оң өзгеріс білікті кадрдың еңбегі шығар…


– Дұрыс айтасыз, әрбір нәтиже – Мемлекеттік кірістер департаментіндегі кәсіби деңгейі жоғары, жауапкершілігі мол, қойылған міндетті абыроймен атқара білетін, ұйымшыл қызметкерлердің жемісті еңбегі.


Осы ретте еңбек жолын кірістер органдарынан бастап, бүгінгі күні өңірдің түрлі саласында басшылық қызметті абыроймен атқарып жүрген әріптестерімізді атап өткім келеді. Олардың ішінде Данияр Еренғалиұлы, Әуезбек Сейткамалұлы, Мұса Оспанұлы, Қамбарбек Амангелдіұлының еңбегі зор.


Бұдан бөлек бізбен иықтіресе қызмет істейтін отбасылық династиялар да бар. Оның ішінде Аушановтар, Искаковтар, Шамбиловтар, Қиянбековтер, Шаймерденовтер, Қожаназаровтар отбасыларының тағылымы мен қызметі көпке үлгі. Міне, байқағанымыздай, мемлекеттік кірістер органдары мықты мамандардың ұстаханасы екенін мақтанышпен айта аламыз. Біз алдағы уақытта өзімізге жүктелген міндетті абыроймен атқаратынымызға сенімдіміз.


– Кәсіби мереке назардан тыс қалмайтыны сөзсіз. Бұл ретте нендей жаңалық бар?


– Бүгінгі Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан кәсіби мерекеге арналған іс-шараны ұйымдастыру назарға алынған. Электронды кітаптар шығарылып, спорттық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Өздеріңізге белгілі, департаменттің қызметкерлері киберспорттан республика бойынша I орын иеленді. Бұл – үлкен жетістік.


Жалпы, біздің жүріп келетін жолымыз ардагерлеріміздің салып кеткен сара жолы деп айтар едім. Осыған сәйкес ардагерлерімізге зор ризашылығымды білдіргім келеді. Олардың өмірлік тәжірибесі бүгінгі буынның бағдар тұтар бағытына айналуы керек.


Мереке күні ардагерлер мен барлық әріптесті кәсіби мерекемен құттықтаймын. Бақ-берек, ынтымақ-бірлік тілеймін. Алға қойған мақсаттарымыз ойдағыдай жүзеге асып,  мемлекет дамуы жолындағы қызметтеріңіз абырой мен сәттілікке толы болсын!


– Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан

Ерсін ШАМШАДИН