ҚЫЗЫЛОРДА ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫН БА?

346

Биылғы жылу беру маусымының басталуына санаулы күндер қалды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Фото: https://www.caravan.kz/news/kogda-vklyuchat-otoplenie-v-stolice-773649/
Бүгінгі таңда аймақ қысқы жылыту маусымына дайын ба? Жылыту қазандықтары мен жылыту құбырларының жай-күйі қандай? Ертең қылышын сүйретіп қыс келіп, қаһарына мінгенде қысылып қалмаймыз ба?


Расында,  өткен жылы қала мен аудан тұрғындары көмір тапшылығынан біршама қиыншылықтар орын алғандығын айтып шағымданған болатын.   Осы орайда, 
«Қызылордада көмір тапшы» атты мақаламыз да жарық көрген болатын. 


Үстіміздегі жылы қытымыр қыста жылудан қиындық көрмеуі тиіс деген аймақ басшысы қала, аудан әкімдері және сала басшыларымен бірге жылу беру маусымына дайындық мәселелерін талқылады.


«Әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына әзірлігі 100 пайызға жетіп қалды. Ал, алдағы жылу беру маусымына жоспар бойынша облысқа жалпы 176,1 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде тұрғындарға 142,5 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 33,6 мың тонна керек.»,- деді Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов.


Аймақ басшысысының басты тапсырмасы әкімдер уақыт оздырмай, көмірдің 3 айлық қорын алдын ала жасап алуы тиіс деді. Ал, жанар-жағармайдың тиісті көлемде жеткізіліп, бекітілген бағада босатылуын бақылауға алуды міндеттеді.


«Жыл сайын ауа-райы суытқан кезде облыс орталығындағы көмір қоймаларында қатты отынға сұраныс артып, халық арасында ажиотаж туындап, тұрғындардың шағымы көбейді. Мұны болдырмауымыз керек. Себебі, қалаға жақын орналасқан Сырдария, Жалағаш, Шиелі аудандары өздеріне қажетті көмірді қаладан тасымалдайды. Биыл да осы көрініс қайталануы мүмкін, өйткені аудандарда отын қоры әлі де аз. Осы мәселеге жете көңіл бөліңіздер», – деді облыс әкімі.



Облысымызда көмір қорын жеткізуде Арал, Жалағаш, Сырдария аудандарының көрсеткіші көңіл көншітпейтінін жасырмаған Нұрлыбек Нәлібаев әкімдерге 1- қазанға дейін жұмысты үйлестіруді қатаң тапсырды.


Ал, қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылу беру маусымдығы бойынша, «Қызылорда Жылу электр орталығы» қызметкерінің айтуынша,


«Негізі ауа-райының болжамын бақылап отырмыз. Күннің ыстығы басылып, күн салқындауы 15 қазанды көрсетуде. Демек, 15 –қазан күні қала бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне толықтай қосылады. Осыған орай 1 қазан күні салқын суды айдай бастаймыз. Себебі жылу беру маусымдығында ахау бар жерлерін тексеру жұмыстары орын алмақ. Алайда, біз толықтай дайынбыз.»,- деді Қызылорда Жылу электр орталығының бас инженері Бақытжан Молдиманов.