Таным мен талант тоғысқан «Төретам»
Төретамдық ағайынның төл өнерге деген құрметі, ұлттық танымға деген ынтасы алабөтен. Жас ұрпаққа жол сілтеу ұмтылысын да ерекше атауға болады. Мұны қолға алынған жобалар мен тағылымды бастамалардан аңғару қиын емес. Әсіресе, көбі «Төретам» кенттік клуб үйінде жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Сыр бойы" газетінің сайтына сілтеме жасап.
Төл өнеріміздің өркен жаюына ерекше үлес қосып келе жатқан клуб үйі 2012 жылы жаңа типтік жобада пайдалануға берілген. Бүгінде клуб үйінде мәдени-көпшілік шаралар, арнайы үйірмелер, әлеуметтік жобалар жалғасын тауып келеді. Мысалы, мұнда «Аналар ізімен» келіншектер ансамблі, «Айназым» би ансамблі, «Шабыт» мәдени үгіт-бригадасы, «Назар» триосы жұмыс істеуде. Әрбірі есептік концерт ұйымдастырып, тұрғындарға көңіл-күй сыйлау бағытында еселі еңбек еткенін айта кеткен жөн.
Сондай-ақ вокал, тоғызқұмалақ, актерлік өнер, бисер, сурет, көркемсөз оқу үйірмелері ашылып, жүйелі жұмысын жандандыруда. Мәдениетке, руханиятқа қолдау білдіру мақсатында таяуда жыр-терме үйірмесі ашылған.
Әрбір үйірменің жыл көлеміне жасаған жұмыс жоспары бар. Сол жоспарға сай үйірме жұмыстары жүйелі жүргізіліп отырады. Осындай тиянақты жұмыстардың нәтижесінде жыл көлемінде ауылдық, аудандық, облыстық байқауларға балаларды қатыстыру үнемі назарда.
Бұдан бөлек мамандар қолға алған «Поэзия түні» жобасы халықтың көңілінен шығып, көрерменнің сұрауы бойынша мейрамхана, сауда орталығы, саябақтарда жалғасып жатыр. Отбасы құндылығын дәріптеу, аналарды ұлықтау масатында жүзеге асқан «Аналар ізімен» жобасына да сұраныс азайған емес. Ал кенттегі мекемелер арасында ұйымдастырылатын ұжымдық «Екі жұлдыз» байқауының да өз көрермені бар. Бұл жобалар аудан көлемінде атқарылып, әлеуметтік желіде жоғары көрсеткішке жеткенін байқадық.
Айта кетерлігі, отбасы құндылығын насихаттайтын жобалар да жетерлік. Мысалы, «Жанұя шуағы» жобасы ұл-қызға тәлім-тәрбие беру мақсатында құрылған. Жоба аясында «Қызға қырық үйден тыйым» және «Ұлыма кеңес» тақырыптарында оқушыларымен кездесу ұйымдастырылады. Онда «Әйелдер кеңесінің» мүшелері, түрлі сала мамандары жастарға ақыл-кеңес айтып, жол көрсетеді. Осы мәндес «Сұхбат-тайм» жобасы аясында да аймақ ақсақалдары мен өнер иелері жас өрендерге өмір жолынан үзік сыр айту арқылы тағылымды іске үндеуде. Оған қоса «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасы бойынша 3 үйірме ашылып, онда 54 бала қамтылған.
Иә, мәдениеттің мәртебесін асырып отырған біршама мақтаныштарымыз «Төретам» кенттік клуб үйінде топтасқан. Мәселен, «Арт-уақыт» жобасын алайық. Онда көркемсөз, драма, ән салу үйірмелері жанданып, «Есіңе мені алғайсың…», «Айналайын атамекен» атты өнер сайыстары қанат жаюда. Сонымен қатар түрлі бағыттағы өнер үйірмелерін жандандыру мақсатында «Бозторғай» балалар шығармашылығына арналған байқау дәстүрлі өткізіліп келеді. «Кино-тайм», «Креативті HUB» бастамалары да салаға серпін беруде.
Әр қадамның нәтижелі жолы білімді кадр мен білікті басшыға тәуелді екені сөзсіз. Ақмарал Кішкентаева басқаратын өнер ұжымында 13 қызметкер халыққа қызмет көрсетіп, жыл сайын мәдени-көпшілік шараларды сәтті ұйымдастырып келеді. Ақмарал Бақбергенқызы 2008-2014 жылдары аудандық мәдениет үйінің әдіскері, одан соң аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театрының режиссері болса, 2018-2021 жылдары аталған мәдени ошақтың әдістемелік кабинетінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2018-2020 жылдары қосымша «Қармақшы жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы болып, өткен жылдан бастап «Төретам» кенттік клуб үйінің директоры қызметіне тағайындалған.
Ол басшылық етіп отырған рухани өнер ордасы қызметкерлерінің ауызбіршілігі мол, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысады. Клуб үйінің сүйемелдеушілері Мұхит Темірханов пен Рауан Ысқақов аймақтық, аудандық, облыстық ән байқауларының жүлдегерлері болды. Ал клуб үйінің әдіскері Гүлнұр Қайнарбаева – туған жердің қадір-қасиетіне қанық, жастайынан ақындығымен көзге түскен өнерпаз. Одан бөлек білім, жастар саясатын қолдау және қоғамдық жұмыстарда да белсенді.
– Мұның бәрі – ел мәдениетінің мәртебесін арттыру мақсатында атқарылып жатқан үлкен шығармашылық еңбектердің бір парасы ғана. Рухани жаңғыру жолындағы болашақ бағдары айқын, мемлекет қолдауына ие бірден-бір тіректі кіндік жердің төсіндегі «Төретам» елінің жарқын жаңалықтары мен қолға алған игі бастамалары алдағы уақытта да осылайша өз жалғасын таба береді, – дейді клуб үйінің директоры Ақмарал Бақбергенқызы.
Әрине, өнері үстем таланттардың тізімін айта түссек, талайды таңдай қақтырған дарабоздар көп екені белгілі. Басты айтарымыз, сол сақа асықтай саңлақтардың ізін жалғаған бүгінгі буынның олжалы қарекеті болмақ. «Төретам» кенттік клуб үйінің өнерді кие тұтқан мәдениет қызметкерлері әлі талай мықтыны түлетері сөзсіз.
Ерсін ШАМШАДИН