Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Асхат Аймағамбетов “Цифрлық кодекс” заң жобасын талқылау барысында балалардың әлеуметтік желілердегі қауіпсіздігі және мектептерде смартфон қолдану мәселелерін көтерді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Депутат балалардың әлеуметтік желілерде тіркелу жасын шектеу мәселесін көтерді.
– Қазіргі таңда 5–6 жастағы балалардың ата-анасының рұқсатынсыз TikTok немесе Instagram желілеріне еркін тіркеле алуы алаңдатарлық жайт. Дания мен Австралияда тіркелу жасы 15–16 жас болып белгіленген. Ал АҚШ, Ұлыбритания және Ирландияда – ата-ананың арнайы рұқсаты қажет. Қазақстанда бұл бағытта қандай шаралар қарастырылып жатыр? – деп сұрады депутат.
Аймағамбетов сонымен бірге мектептерде смартфон қолдануға тыйым салу бастамасын да көтерді. Оның айтуынша, Назарбаев Зияткерлік мектептері мен бірқатар инновациялық оқу орындарында мұндай шектеу оң нәтиже берген.
– Телефон қолдануға тыйым салу оқушылардың үлгеріміне де, өзара қарым-қатынасына да оң әсер етті. Бұл мәселені Цифрлық кодекс аясында қарастыруға бола ма? – деді депутат.
– Балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне қатысты әлемдік тәжірибеге сай, бұл бағытта балаларды шектеусіз дамыту мен қауіпсіз контентке қол жеткізу арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды, – деді Дмитрий Мун.
Ал мектептерде смартфон қолдануға тыйым салу мәселесіне қатысты ол қазіргі уақытта кодексте мұндай норма қарастырылмағанын айтты.
– Керісінше, біздің ұстаным – жастарды заманауи технологияларды тиімді әрі қауіпсіз пайдалануға үйрету, – деп түйіндеді вице-министр.