Әкім екі қолы байлаулы күйде наркологқа жеткізіліп, қамауға алынған
Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдық округтің басшысы екі қолы белдікпен байлаулы күйі медициналық тексеруден өту үшін наркологқа жеткізілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Шенеуніктің әкімшілік жазаға тартылғанын КТК телеарнасы жариялаған болатын. Петропавлдағы ауылдық округ әкімдерінің бірін патрульдік полиция қызметкерлері түнде қызметтік көлікті жүргізіп келе жатқан кезде тоқтатқан. Тәртіп сақшылары әкімді аздап мас болған деп күдіктенген. Полицейлер оның қолын белбеумен байлаған күйі наркологқа медициналық тексеруден өтуге мәжбүрлеп апарған.
Шенеуніктің өзі түнде сол маңды аралап, көше жарығын тексергенін айтады. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынып, 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Ер адам өзін қорқытқанын айтып, шағымданған. Алайда шешім өзгеріссіз қалдырылды.
Бұл ретте жергілікті тұрғындар әкім туралы оң пікір білдірген.