Бір жылда 41 366 адамды ит қапқан - Еділ Жаңбыршин

1 516


Фото:© МәжілісҚоғам бұралқы ит проблемасын көтеріп отыр, деді Еділ Жаңбыршин, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.


- Орташа есеппен елімізде бір сағатта бес адамды ит қауып, талайды екен. Біз осы залда заң талқылап отырған сәтте, елдің бір жерінде - аулада, көшеде, мектептің маңында, балалар алаңында немесе аялдама жанында бір бала, әйел немесе қарт адам ит шабуылының құрбанына айналуы мүмкін. Бұл - эмоция емес. Бұл - құрғақ статистика. Сондықтан біз бүгін жай ғана жануарлар туралы заң қарап отырған жоқпыз. Біз бүгін адам қауіпсіздігі туралы, қоғамдық тәртіп туралы, мемлекеттің жауапкершілігі туралы, ең бастысы - адам өмірі мен денсаулығын қорғау туралы мәселені қарап отырмыз. Өңірлерде тұрғындармен кездескенде, ел бұралқы иттердің мәселесін шешуді бізге аманаттады. «Аманат» партиясының депутаттары оны мойнына алып осы заң жобасына бастамашылық жасады, ал басқа фракциялардағы әріптестеріміз бізді қолдады, - деді Еділ Жаңбыршин.

Осы ретте депутат жергілікті атқарушы органдардың дерегін келтірді: соңғы бір жылда 41 366 адамды ит қапқан, оның 23 134-і бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен.

- Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы ит шабуылының 38 848 жағдайы тіркелсе, оның 24 410-ы бұралқы иттерге тиесілі. Бұл тұрғыда мәселе азайып жатқан жоқ. Ол әлі де: жүйелі, өткір, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті мәселе болып отыр. Бұл сандардың артында жай ғана есеп емес, нақты адамдардың тағдыры тұр. Оның артында балалардың жарақаты, азаматтардың қорқынышы, психологиялық күйзеліс, мүгедектікке алып келген жағдайлар, ал кейде - адам өлімі тұр. Бірнеше ғана мысалды еске салайын. Өскеменде бұралқы иттер 11 жастағы балаға шабуыл жасады. Осындай жағдайлар Оралда, Көкшетауда, Жалпақсай аулында, Қосшыда болды. Ал 2022 жылы Ақтөбе облысында бұралқы иттердің шабуылынан бала қаза тапты. Осындай әрбір қайғылы оқиғадан кейін қоғам мемлекетке өте орынды сұрақ қойып отыр: «адамдардың қауіпсіздігіне, бұралқы иттерге, жүйенің әрекетсіздігіне кім жауап береді?». Егер мемлекет осы сұраққа нақты жауап бере алмаса, онда мәселе тек иттерде емес. Мәселе - құқықтық және басқарушылық вакуумда, - деді Еділ Жаңбыршин.