«Ақжарма-2» шаруа қожалығында егінге орақ түсті

1 207

Фото: Сырдария ауданының әкімдігіБүгін «Ақжарма-2» шаруа қожалығында егінге орақ түсті. Егін жинау науқанының басталу рәсіміне аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов және халық қалаулылары мен еңбек ардагерлері қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Аудан басшысы Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

"Сыр күріші – ел ырысы. Соңғы жылдардағы су тапшылығының кері әсері Сыр диқандарына оңай соқпады. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен, Үкімет басшысы және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы мемлекеттермен дер кезінде келіссөз жүргізіліп, қолдау жасалды. Нәтижесінде, биылғы егісіміз сумен толық қамтамасыз етілді. Сол үшін барша сырдариялық диқандардың атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Ауданда ауыл шаруашылығы саласы жүйелі дамып келеді. Жыл сайын аграрлы ауданымыз егін саласы бойынша жоғары белестен көрінуде. Биыл ауданда 32273 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның ішінде, күріштің көлемі 21872 гектарды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде су үнемдеу және суды тиімді пайдалану мақсатында аудан бойынша 13 шаруашылық 31 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3340 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, жаңбырлатып суару әдісімен 40 гектар жерге күнбағыс, 10 гектар жерге жүгері, 50 гектарға бақша дақылдары орналастырылды. Ауданда Сыр күрішін егетін ірі шаруашылықтардың жұмысы жолға қойылып, шаруасы жанданған. Солардың қатарындағы «Ақжарма-2» шаруа қожалығы әркез алдыңғы қатардан көрініп, аудан мерейінің үстем болуына үлес қосуда. Дана халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Ынтымағы жарасқан ел ғана еңбектен береке табады. Сондықтан ауызбірлікпен астықты төкпей-шашпай, ысырапсыз жинап алуға тілекшімін.", – деді Берік Әбдіғаппарұлы.



Мұнан соң шаруашылық төрағасы Марат Бисенов сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп жатқан қолдауларға ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында атқарылып жатқан демеушілік жұмыстарға тоқталды. Шаруашылықта биыл 1000 гектарға күріш, 68 гектарға бидай егіліп, 245 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Егістік басында еңбек ардагерлері астықтың мол болуына баталарын беріп, егінге алғашқы орақ түсті. Айта кетейік, ауданда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2024 жылдың 7 айында 38,2 млрд. теңгені құрап, 2,8 пайызға артты. Аймақ басшысының тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл қосымша 420 гектар жер ашылып, 774 адам әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егіп, нәтижесін көруде. Биылғы егін жинау науқанына аудан бойынша 990 техника қатысады.


Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі