СЫРДЫҢ ДҮЛДІЛ ДІНДАРЫ

1 203

egemen.kzҚалжан ахун Бөлекбайұлы Сыр бойында өмір сүрген діни қайраткер, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Ислам ілімін жан-жақты меңгерген ғұлама 1862 жылы Хиуа хандығының тұсында дүниеге келді. Хиуа мен Бұқараның рухани оқу орындарында білім алып, философия, астрономия, жаратылыстану, құқықтану ілімі мен араб, парсы тілдерін меңгерген. Елге оралған соң өмірінің соңына дейін сыр бойылық жеткіншектерді білімге баулыды. Тереңөзек қыстағына жақын маңнан мешіт-медресе салды. Міне, осылайша руханият саласында елеулі із қалдырған ғұлама ғалым Қалжан ахун Бөлекбайұлы ұрпақ жадында мәңгілік жаңғыра бермек.


Сырдың күрең топырағынан ақын-шайырлар мен жыршы-жыраулар да, баһадүр батырлар мен би-шешендер де, елі имандылыққа ұйытқан ишандар мен ахундар да шықты. Солардың қатарында әсіресе ағартушылық  және ғылым мен білім ісінде ерен еңбек жасаған оқымысты молдалардың ролі жоғары болды. Осы өңірден 30-дан астам ахундар шыққан. Сыр өңірі жұртшылығын мұсылман дінінің басты ұстанымы имандылыққа тәрбиелеп, мешіт-медреселер ашқан ахундардың бірі – Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1862 - 1916) еді.

ХІХ ғасырдың ортасына таман Ресей империясының отаршыл саясаты  Арал аймағы арқылы бүкіл Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға қарай ауысты. Осындай алмағайып кезеңде ағартушылар мен қайраткерлердің ұлтымызды ұйыстырудағы рөлі орасан болды.  Сыр бойынан шыққан ағартушы ұстаздар философия, грамматика, лингвистика, шығыс тарихы мен әдебиеті, астрономия және т. б. жаратылыстану салалары бойынша кәсіби білікті болған. Бұлар негізінен Мекке, Медине, Бағдат, Шам, Ыстанбұл, Каир, Кабул, Герат, Хиуа, Хорезм, Үргеніш, Самарқанд және т. б. мәдениет орталықтарында оқыған. Өңір халқын ағартуда Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінің орны ерекше болды. Медресе түлектерінің қатарында Сыр өңірінде өздерінің дербес мешіт -медресесін ашқан ағартушы - ұстаздар көптеп саналады. Солардың бірегейі ахун, дін қайраткері, ғұлама ұстаз - Қалжан ахун болатын. Қалжан ахунның арғы тегі Ақтөбе облысының Жаманқарағай деген жердегі табын руынан шыққан. Әкесі Бөлекбай жігіт кезінде Қарақалпақстандағы туыстарына келіп сол жерде үйленіп қалып қояды. Кейін Қарақалпақстандағы қазақ жұртына басшылық жасайды. Хиуа хандығының бегі болады. Хиуа халқының Бөлекбай батырдың ел басқарудағы шеберлігі мен хан алдында аса беделді болғанының бір ғана көрінісі Қалжан ахун, діни сауатты, өз заманының көзі ашық, заңғар тұлғасы бола білген Бөлекбай атамыздың 77 жасқа келгенде көрген баласы екен. Дүние есігін ашқан сәбиге "Қалмұхаммед" - деп ат қойған ата - анасы кейін оны еркелетіп "Қалжан " атап кетеді. Сол заманның үрдісі бойынша Бөлекбай батыр Қалжанды жеті жасынан бастап медресеге беріп, сауатын аша бастаған.

Қалжан ахунның шариғат қағидасы бойынша кәмелетке қарған он үш жасында әкесі Бөлекбай дүниеден өтеді. Баласының зеректігі мен алғырлығына қанық Бөлекбай батыр дүниеден өтерде, артында қалғандарға Қалжанға ары қарай білімін жалғастыруға көмектесулерін өсиет еткен.

Ерінің бұл өсиетін құп алған анасы Қалжанға жетімдік көрсетпей, оның оқуын жалғастыруға аналық бар қамқорлығын жасайды."Білім инемен құдық қазғандай " демекші Қалжан ахун Хиуа, Бұқарадағы діни медреселерде тағы төрт жыл білімін шыңдап он жеті жасында айтулы Көкілташ медресесіне оқуға қабылданады..

Көкілташ медресесінде он жыл, яғни жиырма жеті жасына дейін тапжылмастан білім алған Қалжан ахун негізгі оқуы шариғат және заң саласын толығымен тәмәмдап, оларға қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шығады. Араб, парсы, шағатай тілдерің еркін меңгерген Қалжан атамыз сол медреседен "Ахун " атағын иемденеді. "Ахун " мұсылмандық діни лауазым - баулушы ұстаз деген мағына береді. Қалжан атамыз поэзия саласының тұнығынан тұшына сусындағаны да көп айтылады.

Сыр бойы ахундарының қазақ халқының рухани, мәдени болмысын, Ресей отаршылдығы жағдайында қорғауға бағытталған әректеттері жемісті болғанын, солардың жанқиярлық еңбегі арқасында қазақ халқының рухани дүниесі қорғалып қана қоймай, оны одан ары дамып, байи түскенін көреміз.

Ораз ахун, оның сырлас досы болған Қалжан ахун секілді рухани жетекшілердің ықпалының арқасында Сыр сүлейлері деген атқа ие болған ақын жыраулар шоғыры шықты. Олардың соңында өлшеусіз рухани мұра қалды. Бұл Сыр бойы ахундарының қазақ халқының руханиятынан алар орны жоғары болғанын білдірсе керек. Осындай рухани тұлғалардың арасында Қалжан ахунның  да үлесі болғандығына дау жоқ.

Атамекені Ақтөбе өңірі бол­ға­нымен де Қалжанның әке­сі Бөлекбай жігіт кезінде Қара­қал­пақстандағы туыстарына келіп, сол жерде үйленіп, қалып қояды. Кейін Хиуа хандығындағы бектердің бірі болады. Хиуа қаласында 1862 жылы өмірге келген Қалжан әуелі осы қаладағы орта діни оқу орнында білім алып, кейіннен Бұқарадағы әйгілі Көкілташта оқиды. Қазақ дала­сының небір қайраткерлерін біліммен сусындатқан ғылым ор­­да­сын жиырма жеті жасында тәмамдаған Қалжан ахун негізгі оқуы – шариғат және заң саласына қо­са философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шығады. Ораз ахунның шақыртуымен Сырға келген Қал­жанның балаларды оқытумен қа­тар өзен жағалауына бау-бақша егіп, жұртты отырықшылыққа бау­лыған еңбегі сол кездегі үлгілі үрдіс­тің бірі болыпты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай ұйымдастырылған баспасөз турында сыртта туып, бар өмірін Сырда өткізген, осы маңнан мәңгілік мекен тапқан ахун мұрасы жайлы жер­гілікті өлкетанушы Жәнібек Махан­бетовтің әңгімесін тыңдап қайттық.

– Оңтүстік өңірде Аппақ ишан, Қар­нақ медреселерінен кейін с­алы­нып, білімге сусаған елдің кө­зін ашқан, рухани орталық болған осы медресе, – дейді ес біл­гелі ахун өмірін зерттеп келе жатқан Жәнібек Маханбетов. Әйгілі Көкілташтың кішкентай көшірмесі секілді медресе құры­лысы 1902 жылдан бастау алады. Жобасы Бұқарада жасалған ғи­маратты салуға сол тұста темір­жол құрылысына жетекшілік ет­кен швед инженерлері мен жұмыс­шылар көмектессе керек. Ал кір­пішін Наурызбай, Таңатар есім­ді жергілікті шеберлер өріп шы­ғыпты. Медресе құрылысы ахун­ның қайтыс болғанына 6 жыл өт­кен­де, яғни 1922 жылы толық аяқ­талады.


Ғимараттың тағы бір ерекше­лігі – іргетасы. Табанына күйдіріл­ген кірпіштен конус пішінінде қаланған кірпіштер әлі сол күйінде жатыр. Тоқсаныншы жылдары ме­дресені жөндеуге жиылған жұрт іргетастың құрылыс аума­ғы­нан тыс 8 метрге созылып жат­қанын анықтаған. Бұл ғимарат жоба­сы­ның қазіргі қалпынан әлдеқайда ауқымды болғанын көрсетеді.

Медресе ауласына кіреберісте на­мазхана орналасқан. Қалған бөлменің бәрі бала оқытуға арналып, сыныптық жүйеде салын­ған. Әр бөлменің кіреберіс маң­дай­шасындағы ойықтарға пән аты жазылған болуы керек. Өлке­та­ну­шы осының бәрі нысан­ның ағар­тушылық бағыттағы маңызын ай­қындай түсетінін айтады.

Реставрациялық жұмыстармен қатар медресе ауласын қоршап, көгал­дандыру бастамасына кезінде қатар жатқан Сырдария мен Жа­ла­ғаш аудандарының әкімдері Алмагүл Божанова, Қожахмет Бай­маханов көп еңбек сіңірді. Жұрт­ты жұмылдырып, жақсы іс­тің негізін қалады. Содан бері бұл үрдіс үзілген емес. Жәнібек Ма­хан­бетовтің айтуынша, енді оның іргесіндегі ахунның мазарына назар аударуымыз қажет. Медресенің тура түбінде ахун сал­­дырған шағын мешіт тұр. 1916 жылдың жазында Жалағашта ораза кезінде сәжде үстінде жан берген ахунды халық 20 шақырым жерден көтеріп әкеліп, осы ме­шіт ауласына жерлейді. Осы сая­хаттағы бастаушымыз ахунның бар­лық жұмысты құжаттандырып отыруға мән бергенін баса айтып еді. Маңдайшадағы көне жа­зуды көргенде осы пікірдің жаны бар екендігіне көзіміз жете түс­ті. Жазуды фотоға түсіріп алып, белгілі түркітанушы ға­лым Серікбай Қосановқа телефон арқылы жолдап жібердік. Ға­лым жауабы да көп күттірмеді, маң­дайшадағы 1334 жыл, 22-шәуәл де­ген жазу болып шықты. Қазіргі жыл қайыру бойынша бұл 1912 жыл­дың 22 маусымы болып шы­ғады. Бұл мешіттің салынған жылы болуы керек. Имандылық үйінің құбыла қабырғасындағы бояудың ізі анық көрінеді.


Медресе Кеңес өкіметі тұсында талай кепті бастан кешіпті. Бастап­қыда мал қора, қойма болыпты. Кейіннен мектеп, балалар үйі атанған кезі болған екен. Тіп­ті ал­пысыншы жылдары шаруашы­лық­тарға көмекке келген студенттер жатағына айналыпты.

– «Сол тұста осы маңдағы шең­­гел біткеннің басы қағаздан кө­рінбей тұратын» деседі көне­көздер. Сірә ахуннан қалған талай қазына сол кезде жоғалса керек. Бірақ сол дүниенің бәрі ізсіз кет­ті дегенге сенгім келмейді. Ел ішінде әлі де сақталып қалғандары бар сияқты, – дейді Жәнібек Махан­бетов.

Қазір көне қалаларға археоло­гиялық зерттеулер жасалып жатыр. Осының арқасында ортағасырлық талай шаһарлар туралы ел таны­мы кеңейіп, біраз жаңалық ашыл­ды. Өлкетанушы енді архео­гра­фикалық зерттеулерді бастау керек деген пікірде. Әйтпесе, көне сөз таң­баланған талай қағаз күн санап көнеріп, жыл санап жоғалып бара жатыр. Соларды тауып, көзі қанық азаматтарға оқытса, электронды нұс­қалары жасалса елге ортақ игілікке айналар еді.


Ел­басы бастамашы болған «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы мем­лекеттік идеологияның негізгі тетігіне айналды, бұл бағытта көп іс еңсерілді. Бағдарлама жобала­ры шеңберінде алда да жүзеге асар жұмыс көп. Осы бағытта Жә­кең «Медресенің бір бөлмесінен Қал­жан ахун музейін жасақтасақ» деген ой айтады. Музей жәдігеріне ай­налатын заттар да бар. Оның бірі Қалжанның заттары сақталған сан­дық. Көп жылғы ізденістің нәти­жесінде табылған ахун ұстаған қайрақ тас та бар.

Сапарымыз түйінделер тұста Жә­­нібек Маханбетов естіген жұрт­ты елең еткізер тағы бір жаңа­лықтың шетін шығарды. Арал өңі­рінде өз заманында Қалжан ахун­мен Көкілташта қатар оқыған Смағұл Төлегенұлы деген азамат өмір сүріпті. Оқуын бітіріп, еліне оралған Смағұл бірде ағайын ара­сындағы алауыздыққа күйініп, өзге өңірге бет түзейді. Осы сапарында жолай Қалжан ахунның үйіне түседі. Барлық мән-жайға қанық болған Қалжан Смағұл ахунды осы өлкеде қалдырыпты. Ағайындарының қызын аралдық жігітке қосады, өз алдына отау тігіп, дүниесін де береді. Кейіннен Смағұл өз еліне қайтады. Қалжан ахун берген сол киіз үйдің кере­гелері Аралда әлі сақтаулы тұр екен.