Қызылордада тергеушінің қателігінен қылмыскерді інісінің құжатымен соттап жіберген

1 499

Фото: видеодан кадрТаразда Ержан Болатов есімді азамат құжат бойынша түрмеде отырғандықтан жұмысқа тұра алмай жүргенін айтып, прокуратураға шағымданды. Айтуынша, тергеушілер істі болған адам бөлек, құжаттағы адамның мүлдем басқа адам екенін анықтамастан ағасы Махамбет Болатовты інісінің құжатымен соттап жіберген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.


Ержан Болатов тергеушілердің сотталушының жеке басын анықтамай, оны інісінің, яғни өзінің құжатымен соттап жібергенін айтып жанайқайын жеткізді. Айтуынша, Қызылордаға жұмысқа барған ағасы Махамбет Болатов ұрлық жасап, істі болған. Қолға түскен сәтте інісінің жеке куәлігі қалтасынан шыққан. Ұсталған адам мен суреттегі адамның түр-әлпеті ұқсаған соң, анықтап жатпастан сол құжатпен соттаған. Ол сотты болған соң жұмысқа да тұра алмайтынын айтып, жанайқайын жеткізді. 


“Тексермеген. Менің ағам айтқан ол кісілерге айтқан. Бұл менің інімнің паспорты. Мен емес. Менің атым Болатов Махамбет. Ал паспорт менің інімнің паспорты деп айтқан. Ол кісілер оған сенбей Махамбет емес Ержан деп соттап жіберген. Негізі Болатов Ержан мен боламын”, – дейді Ержан Болатов.

Осылайша осы жылдың маусымында Қызылорда қалалық №2 соты Махамбет Болатовты ұрлық жасағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырған. Алайда құжат бойынша інісін соттап жіберген. Айта кететін жағдай, баласының сотталып жатқанын жақындары білмеген. Болған жағдайдан соң прокурорлар саусақ іздерін сараптап, қамаудағы азаматтың Ержан емес туған ағасы Махамбет екені анықтады.


“Қызылорда қаласының сотымен басқа есімде заңсыз сот үкімі шыққаны анықталды. Ол мән-жайларды дәлелдеу үшін біз қажетті сарапшыларды тарта отырып, бұл жағдайларды дактилскопиялық мамандардың зерттеуінен өткіздік. Сотталушының сөзі расталып, тиісті хат бас прокуратураға және Қызылорда облыстық прокуратурасына жолданды”, – дейді Жамбыл облысы прокуратурасының басқарма прокуроры Асылбек Пешеков.

Құжаттан жаңылыс кеткендіктен Махамбет Болатовтың ісі қайта қаралмақ. Ал тергеу барысында кімнен ағаттық кеткені ендігі тергеумен анықталады. Құжат бойынша сотталған Ержан Болатов “ұстап әкете ме” деп көпшілікке шығудан қалған.