Бұрынғы полиция басшысы қызметтік пәтерге байланысты сотқа жүгінді
11 жылға сотталған Талдықорған қаласының бұрынғы полиция бастығы Марат Күштібаев колонияда отырып өзіне берілген қызметтік пәтер үшін Жетісу облысы полиция департаментін сотқа берді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Кеңседе қыз зорлады деп сотталған Талдықорған қаласы полиция басқармасының бұрынғы бастығы Марат Күштібаев колонияда отырып өкілі арқылы Жетісу облысы полиция департаментіне қарсы әкімшілік талап-арыз түсірді.
Оның шағым түсіруінің себебі – өзіне берілген Болашақ шағынауданындағы қызметтік пәтер. Күштібаевтың отбасы бұл үйде 2016 жылдан бері тұрып келеді. Бұрынғы полиция басшысы 2023 жылдан бері тұрғын үйді жекешелендіру туралы рапорты қаралмағанын айтып, департаменттің әрекетсіздігін заңсыз деп тануды талап еткен. Сонымен қатар оның жұбайы полиция департаментіне отбасын пәтерден шығару туралы бастама көтеруге тыйым салуды сұрады. Іс материалдарына сәйкес, қызметтік пәтерде қазір экс-полицейдің жұбайы мен үш баласы тұрады.
Күштібаев пәтерді қалай алды?
2016 жылдың қараша айында жергілікті атқарушы орган Марат Күштібаев пен оның отбасына “тұрғын үйге мұқтаж” ретінде коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер берген.
2023 жылдың ақпанында баспана полиция департаментінің балансына өткізілді, ал тамыз айында Күштібаев қызметтік пәтерді жалға алу туралы келісімшарт жасасты.
2023 жылы 25 тамызда ол пәтерді жекешелендіру туралы рапорт тапсырған. Құжат тіркелгенімен, 2025 жылдың қарашасында сотқа талап-арыз берілгенге дейін қаралмаған.
Көп ұзамай Марат Күштібаев “мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылық” жасағаны үшін қызметінен босатылды. 2023 жылдың қараша айында ол өз қызметтік кабинетінде қызды зорлады деген күдікпен ұсталды. Ал 2024 жылы сәуірде сот оны 11 жылға бас бостандығынан айырды.







