Нұр-Сұлтан полицейлері түнде балалары қыдырып жүрген 50 ата-ананы жауапқа тартты

359
ҚазАқпарат – Ювеналдық полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орталықтарында қыдыруын болдырмау үшін рейд жүргізді.

Тәртіп сақшылары қоғамға қарсы іс-әрекеттерді анықтау мақсатында аулаларды, саябақтарды, алаңдар мен жастар шоғырланатын басқа да орындарды тексеріп шықты. Осылайша, полицейлер түнде қалада заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз қыдырған кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді анықтады. Сағат 23:40-та Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданының ПБ ювеналдық полиция қызметкерлері Луи Пастер көшесі бойынша әкімшілік учаскені тексеру барысында сағат 23:00-ден кейін сыртта жүрген 16 жастағы бойжеткенді анықтады. Аталмыш факті бойынша кәмелеттік жасқа толмаған бойжеткеннің заңды өкілінің қатысуымен ҚР ӘҚБтК-нің 2-бөлімі 442-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Нұр-Сұлтан қаласы ПД Жергілікті полиция қызметінің басқарамасының бастығы Арман Айтмағамбетовтың айтуынша, демалыс күндері сағат 23:00-06:00 аралығында кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерде жүруіне қатысты 50 азамат әкімшілік жауапқа тартылды.