Ипотекаға алған үйдің едені мен қабырғасы жарылды
622
Қызылордада жас отбасының ипотекаға алған үйінің едені мен қабырғасы жарылды, деп хабарлайды opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Қызылорда қаласы, Титов ықшам ауданындағы 14А үйінде күндізгі сағат 11:30 шамасында гүрс еткен дыбыс шыққан.
Үй иесі Әлия Әлішерованың сөзінше, сол сәтте екі бөлмесінің едені мен қабырғалары жарылған.
Бала-шағамен балалар бөлмесінде отырған кезімде еден кенет төменге түскендей сезілді. Сосын дереу өңірдегі Төтенше жағдай мамандарын шақырдық. Ол кісілер келді, көрді. Экспертиза жібереміз деп айтып кетті, деді тұрғын Әлия Әлішерова.
Оpennews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі осы дерек турасында қалалық құрылыс бөліміне барып, мән-жайды анықтады. Мамандардың сөзінше, оқыс оқиғаның себебі - кезекті қысқы жылу құбырларының суын ауыстыру барысында су кетіп, еденге зақым келген.
Титов қыстағындағы 14А тұрғын үйі бойынша республикалық бюджеттен 489 миллион теңге қаржы бөлініп, 2016 жылы үйдің құрылысы толығымен аяқталған. Тұрғын үй жас отбасы санатына арналып берілген. Бүгін сала мамандары тұрғын үйге арнайы барып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтірді, деді қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Ержан Қалдыбеков.