Қызылорда облысының әкімі ұсынған экотаксиді халық таппай әлек
Қызылордалықтар мемлекет бюджетінен 1 миллиард теңгеге бөлініп алынған экотаксиді таппай жүр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Тұрғындар такси қызметін қолдануға арналған не арнайы қосымша, не диспетчерлік қызмет жоқ дейді.
Апта басында қызметі арзан әрі табиғатқа еш зияны жоқ көліктер қала ішінде жолаушы тасымалдауға дайын деп жарнама бергенімен, тұрғындар экотаксилерге мініп те көрмеген. Такси қызметіне арналған 100 электромобильді алуға бюджеттен 1 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген.
Жарнамада көліктерді танымал такси қосымшасы арқылы шақыруға болады деп көрсеткенімен, қосымшаның өзінде экотаксиге тапсырыс беруге арналған тетік жоқ болып шықты.
Әкімдік танымал қосымшаға экотакси шақыруға арналған арнайы қызметті қосу бойынша келісім жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қазақстанға тапсырыс берген 100 электромобильдің әзірге 52-сі ғана жеткізілген. Әр көлікке мемлекет қазынасынан 11 миллион теңге жұмсалды. Жарнамасы жер жарған көліктердің қашаннан бастап жолаушылар тасымалдауға кірісетіні белгісіз.