4 айлық сәбидің бүйрегіне күрделі ота жасалды
Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында 4 айлық сәбиге күрделі ота жасалды. Нәресте ауыр жағдайда туабітті сол жақты гидронефроз 3 дәрежесімен ауруханаға түскен, – деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Антенаталды кезеңнен бақылауда болған балаға толық тексеруден кейін күрделі отаға дайындық жүргізілді. Сәбиде бүйректің зәр шығару жолдары айтарлықтай тарылып, сол бүйректің қызметі нашарлағаны анықталған.
Бұған дейін балалар мұндай оталарға Астана, Алматы қалаларындағы республикалық орталықтарға жіберілетін. Бір жылдан бері қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері урологиялық оталарды сәтті жасап, балаларға сапалы медициналық көмек көрсетуде. Ауруханада бүгінге дейін урологиялық 60-қа жуық ота жасалды.
Қазір балалар арасында жоғарғы зәр жолдарының туабітті ауруы жиі кездеседі. Ерте жаста қалыпқа келтіру шаралары баланың бүйрегін сақтап қалуға мүмкіндік береді.