Мәлік Аяповтың туғанына 80 жыл

1 221

Фото: zhalagash-zharshysy.kzЖалағаш ауданында елімізге белгілі ақын, жерлесіміз Мәлік Аяповтың туғанына 80 жыл толуына орай «Поэзия пырағы» атты еске алу шарасы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

 Шараға аудан басшылығы бастаған бірқатар ел азаматтары, зиялы қауым өкілдері, жергілікті ақын-жазушылар және аудан тұрғындары қатысты.

КСРО Журналистер одағының мүшесі, елімізге белгілі ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы Мәлік Аяпов өзінің кең тынысты, сыршыл жырларымен халықтың жүрегінде қалған тұлға десек болады.

Өткен ғасырда ғұмыр кешкен арқалы ақындар Төлеубай Үркімбаев, Әбдікәрім Оңалбаев, қазақтың шежіресін өлеңмен жазған Шоңбай Жұбанұлы, Орынбай жыраудың ізі ақын Мәлік Аяпов.

Ақынды еске алуға арналған салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов сөз алып, Мәлік Аяповтың өмір жолына тоқталып өтті.

«Жалағаштың қасиетті топырағынан талай таланттардың, өнер майталмандарының шыққанын білеміз. Құт қонған киелі өңірден еліне қалқан болған батырлар да, айдай әлемді аузына қаратқан шешендер мен қисыны кеткен небір дауларды екі ауыз сөзімен түйіндейтін көсемдер де, күміс көмей әншілер мен жыршылар да, көмейінен ақық жырлар төгілген ақын да шыққан.

Мәлік Аяпов өзінің замандас тұстастары сияқты соғыстан кейінгі елдегі қиыншылықтарды көріп өсті, ерте есейді. 1944 жылы Жалағаш ауданының қазіргі Мырзабай Ахун ауылы аймағында дүниеге келген ақын ағамыз ауылдағы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін Қазалыдағы ауыл шаруашылығы техникумын бітірді. Ауыл шаруашылығы саласының маманы болғанмен ақын жүрегі табиғатпен біте қайнасып, әлдебір өзіне бимәлім ғажайып күш алыс қиырларға шақырып тұрғандай болатын. Ақыры 1970 жылдары арман қуып ару қала Алматыға аттанды.

Мәлік ақын сол кезде екінің бірінің қолы жете бермейтін астанадағы үлкен білім шаңырағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп шықты.

Сөйтіп 1965 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық «Жаңадария» (қазіргі «Жалағаш жаршысы») газетінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, аудандық баспахананың директоры, редактордың орынбасары, бас редактор болып жемісті еңбек етті» деген Ғани Сүлейменов өңір мәдениеті мен әдебиетінде, жалпы қазақ поэзиясында Мәлік ақынның өзіндік орны барын атап өтті.

Сонымен қатар еске алу шарасы барысында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Бейбітбек Бүркітбайұлы, «Сыр Медиа» ЖШС-нің басшысы Аралбаев Марат Жайылханұлы ақынның шығармашылығынан сыр шертсе, белгілі ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Серік Бертаев ағамыз ақынға арнауын оқыды.

Мұнан ары аудан өнерпаздары ақынын еске алған Жалағаш жұртына Мәлік Аяповтың өнегелі өмір жолынан сыр шертетін бейнекөрсетілім мен ақын сөзіне жазылған әндерді тарту етті.