Жалағаштың сырлы шежіресі

2 160

Фото: zhalagash-zharshysy.kz«Жалағаш жаршысы» газетінің жарық көре бастағанына биыл 10 қаңтар күні 90 жыл толады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Халықтың үніне айналған кез келген басылымның беттері тұнып тұрған тарих. Әр кезеңдердегі қоғамдық саяси өзгерістер, ел, жер тарихы мен шежіресін газет тігінділерінің сарғайған беттерінен оқып білуге болады. Сондай ақпарат құралдарының қатарында Мемлекет басшысының саясатын насихаттап, халық арасында қоғамдық пікір қалыптастыратын, жаңалық пен жақсылықтың жаршысы, нақтылап айтқанда, үгіт-түсінік, насихатшылық және ұйымдастырушылық қызмет атқаратын аудандық басылымның қызметі де ауқымды. Осындай міндеттер үдесінен шығып, уақыт талабына сай өз үнімен жауап беріп келе жатқан ресми басылым аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің жарық көре бастағанына биыл 10 қаңтар күні 90 жыл толады. Оқырмандарының сүйікті басылымына айналған аудандық газеттің тоқсан жылдық мерейтойында өткен тарихын бір таразылап, бүгінгі таңдағы тіршілік тынысына тоқтала кетпеу мүмкін емес.

Аудандық «Жалағаш Жаршысы» газетінің тарихы 1934 жылдың 10 қаңтарынан басталады. Қаракеткен МТС-ның саяси бөлімінің құрылуына байланысты 1934 жылы 10 қаңтарда «Колхозшы» деген атпен бірінші нөмірі шығып, Қармақшы аудандарының кол­хоз­дарына партияның саясатын насихаттады. Міне, осы көп тиражды газет аудан құрылғаннан кейін аудан­дық газет болып «Колхозшы» атымен 1941 жылға дейін шығып келді. Мұнан соң газеттің аты «Күрішшілер» деген атау­мен 1958 жылдың тамызына дейін жарық көрді де, сол жылдан бас­тап аудандық газетке «Коммунизм үшін» деген жаңа ат берілді. Осы атпен 1962 жылғы 6 мамырға дейін шы­ғып, арада бір жыл үзілістен соң Жосалы по­сел­кесінен «Коммунизм шам­шы­ра­ғы» бо­лып оқырманмен қайта қауыш­ты. 1965 жылы қаңтарда Жала­ғаш ау­да­ны­ның қайта құрылуына байла­нысты сол жылдың тамыз айынан бастап «Жаңа­дария» деген атаумен шыға бастады. Кейіннен уақыт талабына орай, яғни 1993 жылдың 1 сәуірінен бастап «Жа­ла­ғаш жаршысы» деген атаумен өз оқыр­мандарымен қауышып келеді.

Газеттің алғашқы нөміріне Сахи Жа­рылқасынов қол қойып (1934-1939) бес жыл редактор болса, әр жылдары Жарылқасын Дүйсенов (1939-1941), Смайл Ақжігітов (1941 жылдың тамыз айына дейін), Мұрат Нұржанов (1941-1943), Сұлтан Қожаниязов (1943-1945), Шілдебай Оңалбаев (1946-1947), Жүсіп Ал­тынбаев (1947-1948), Әдис Ахетов (1952-1953), Сұлтан Жүсіпов (1953-1954), Төлеш Ахметов (1954-1955), Мырқы Исаев (1955-1957), Мұрат Нұр­жа­нов (1957), Айтбай Қойшыбаев (1959-1962), Әзілхан Аманов (1962-1965), Қален Әбдешов (1965-1972), Зор­дан Салықбаев (1972-1986), Асқар Кіребаев (1986-1988), Мырзамұрат Ілиясов (1988-1996), Тұрсынбай Тәшен (1996-1999), Кенжеғара Сүлейменов (1999-2003), Мәлік Аяпов (2003-2004), Серік Бертаев (2004-2007), Қарлығаш Тәшен (2007-2010), Ғазиза Әбілда (2010-2017), Нағымжан Сауяев (2017-2018), Әзиз Батырбеков (2018-2020), бас­шы­лық қызметтерде болды. Ал 2020 жылдан бастап аудандық газеттің бас редакторы Кенжетай Қайрақбаев.

Аудандық газеттердің барлығы ау­дан­дық партия комитеті мен еңбек­шілер депутаттары аудандық атқару ко­митетінің құрылтай­шылығымен жарық көрді. Кеңестік дәуірде таралу аумағына қарамастан мерзімді басылымдар бір­тұтас «Жер жүзі пролетарлары бірі­гің­дер» деген ұранмен шықса, Екінші дү­ниежүзілік соғыстан кейін бұл ұран «Барлық елдердің пролетарлары бірі­гіңдер!» деп өзгертілді. Газеттердің ұйым­дастырылуы, онда жазылатын та­қы­рыптар, мақалалар барлығы да партияның пәрменімен жүзеге асып, оның орындалуын жергілікті идеоло­гия­лық хатшылар қадағалады.

Сынаптай сырғып жатқан уақыт неткен жүйрік. Уақыт өткен сайын за­ман өзгереді, өзгергенді көз кө­реді. Газетіміздің тоқсан жылдық тари­хын­да қоғамымызда қаншама саяси-та­ри­­хи оқиғалар, жаңалықтар болып жа­тыр. Аудандық газет солардың бар­лы­ғына әділ бағасын беріп, ха­лық­­пен бірге болды. Кешегі 1930-1937 жыл­­дардағы ашаршылық, халық­ты қа­ты­­гездікпен қуғын-сүргінге ұшыратқан Сталиндік репрессия кезінде елді са­быр­лыққа, бірлікке шақырды. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан со­ғысы жылдарында елін, жерін неміс басқын­шыларынан қорғап, Отан үшін от кешкен Сыр елінің жау жүрек жа­уын­герлерінің ерліктерін жазып паш етті. Бұдан кейінгі жылдары халық ша­руа­шылығын қалпына келтіру, тың және тыңайған жерлерді игеру, мал шаруа­шы­лығы мен егін саласын жетіл­діру, ауыл шаруашылығын дамытудағы ау­дан еңбеккерлерінің ерен істері га­зет беттерінен орын алды. Қоғам өмі­ріне белсене араласып, әр салада же­місті еңбек еткен дара тұлғалар мен та­лант­тар, еңбек, өнер адамдары, Еңбек Ерлері жайлы газеттің әр жылдардағы тігінділерін қарап танысуға болады.

Уақыттың әр кезеңдерінде ау­дан­дық басылымда қаншама қа­рымды қаламгерлер қызмет етіп қолтаң­ба­ларын қалдырып кетті. Мәселен, өмір­лерін газетке арнаған А.Сәдібеков, Ә.Сә­дуақасов, С.Махмудов, Т.Сары­баев, С.Баймаханов, Б.Уызбаев, Қ.Нұр­ға­лиев, А.Бекарыстанов, Ш.Бек­тасов, И.Шахаров, А.Тілеулиев, І.Мұс­тафаев, Ө.Оспанов, Б.Шайланов, Ж.Әб­жә­ми­лов, фото тілші Т.Ахметовтер өмір­ден өткенімен артында өшпес іс, өлмес мұ­ралары қалды. «Жалағаш жаршы­сында» жұмыс жасап, шыңдалып өскен танымал журналистер Ертай Айға­ли­ұлы, Бейбітбек Бүркітбайұлы, Еркін Әбілов, Миуа Байназарова, Бибайша Алпыс­баева, Елена Әбдіхалықова, Құл­тас Дастандардың есімдерін мақта­нышпен атап өткім келеді.

1991 жылы 16 желтоқсанда респуб­ликамыз Тәуелсіздік алғаннан кейін ел өмірінде жаңа кезеңдер қайта құру, на­рықтық қатынасқа көшу, қоғамды демократияландыру процестері бас­талды. Міне, осы уақыттарда аудандық басылым халық арасында үгіт түсінік жұмыстарын жүргізіп, тәуелсіздігіміздің жемістері мен жеңістері жайлы жазып келеді. Соңғы жылдары газеттің ке­зекті сандарында уақыт талабымен үндескен жаңа айдарлар мен арнаулы бет­тер жарық көре бастады. Онда же­кешелендіру мен нарықтық қатынасқа көшу талабы түсіндіріліп, тіл мәртебесін көтеру, сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес, кәсіпкерлікті дамыту, са­лауат­ты өмір салтын қалыптастыру мәсе­ле­лері, мәдениет, білім, денсаулық сала­сындағы жетістіктер қамтылып келеді.

Жасыратын несі бар, еліміз егемендік алған тоқсаныншы жылдардан кейінгі өтпелі кезеңнің нарық қиыншылығы аудандық газеттің уақытылы шығуы мен таралымына кері әсерін тигізбей қоймады. Нарық талабына төтеп бере алмай қаржының тапшылығынан бір­қатар мекемелер мен кәсіпорындар жабылып жұмысын тоқтатты. Бюджеттік сала қызметкерлері мен зейнеткерлер жалақылары мен зейнетақыларын уа­қы­­тылы ала алмауына байланысты га­зеттің таралымы күрт азайып кетті. Амал жоқ газеттің жазылу қаржысын аудан шаруашылықтарымен күріш, ұн, шөп, мал алу арқылы есептесуге тура келді. Ең алдымен қағаз тапшылығына ұшырадық. Бұрын аптасына үш рет шығып келген газетіміз 1991 жылы сәуір айынан екі реттен, 1992 жылдан бастап бір реттен шығатын болды. Соған бай­ланысты штат кестесі де қысқарды.

Мұның үстіне қаржының тапшы­лығынан жылу қазандығы ажы­ра­тыл­ған баспаханада газет басып шы­ғару оңайға соқпады. Өйткені жылу болма­ған­дықтан баспахананың теру мен баспа машиналары тұрған цехтарда суық­тықтан бояулар мен қайнатылған қорғасындар, нәзік детальдар сіресіп қатып қалып жатты. Амал қанша, қолдан орнатылған «буржумка» пешіне от жа­ғып жылынып өлмешінің күнін көрдік. Ал редакцияда мұзханаға айналған кабинеттерде қағаз жазу мүмкін емес еді. Қашан бір екі бөлмеге кантрамарка пеш салып алғанша кезекті нөмірдің материалдарын үйден жазып келетін болдық. Осындай қиыншылықтарға қа­рамастан редакция мен баспахана ұжымы үлкен ұйымшылдықпен нағыз патриоттықтың үлгісін көрсетті. Жалақы ала алмай жағдайлары жұқарса да қаламы мұқалмады. Түн жарымына дейін, кейде таң атқанша жұмыс істеп, қолмен әріп теріп, газет беттеп, баспа машинасымен газеттің кезекті нө­мірін басып шығаратын баспахана қызмет­керлерінің еңбегі нағыз ерлікпен пара пар еді. Олар қалыптасқан тәртіп пен береке бірлігінің арқасында уақытпен санаспай жұмыс істеп, өз міндеттерін абыроймен атқара білді.

Тәуелсіздік жылдарында редакция баспаханада бірге қызмет еткен газет қызметкерлері Амангелді Шілде­баев, Қуат Ахетов, Динара Мә­лікова, Гүлнұр Атырауова, фото тілші Ма­хан­бет Ахметов, хатшы Жанат Има­­на­­лиева, компьютерде теріп бет­теуші Бақыт Тәшкенбаева, Рай­хан Тәуір­баева, Ақмарал Сәрсен­баева, Ақма­рал Сәндібекова, бухгал­терлер Сәуен Ахме­това, Тазагүл Жиде­­баева, Тұр­ғанбай Мырзабеков, Орын­күл Тоқ­мыр­­заева, техникалық қызмет­кер­лер Гүлбаршын Есетова, Дәмеш Ах­ме­­това, Науат Баймаханова, Алтын Ізтілеуова, баспахананың әріп те­ру­­шілері Сайлаукүл Тәжікенова, Жақ­сы­­гүл Тәшенова, Рая Кенжебаева, Таза­гүл Ахметова, теру машинасының ма­шинистері Қоғажай Ерғалиева, Мар­жан Баймаханова, баспа машинистері Жұма­бек Уақбаев, Зоя Сейтенова, Еркін Жұма­бековтер нарық қиыншылығына қарсы тұрып қажырлылық танытты.

2000 жылдары қоғамдық өмір­де оң өзгерістер болып, жаңа бет­бұ­рыс басталды. Газет редакция­сына да уақыт талабына бейімделіп, жаңа тех­но­логиямен жұмыс атқаруға тура келді. Сөйтіп 2002 жылы «Жалағаш жар­шысы» газеті 50-інші нөмірінен бастап ре­дак­цияда компьютерде те­ріліп, бет­теліп, Қызылордадағы «Принт» бас­па­ханасынан басылып шы­­ға бас­тады. Газетпен бірге түрлі блан­­­­­калар ба­сып шығаратыны редакция жа­­нын­дағы бас­пахана газеттің ком­пью­терде те­ріліп, беттелуіне орай және өзін өзі ақ­тай алмауына байланысты 2005 жылы 14 қа­раша күні жабылып, жұ­мы­сын тоқ­татты. 2005 жылы «Жа­ла­ғаш жар­шысы» 45-інші санынан бастап ау­дандық га­зет­тер арасында алғашқы болып түрлі түсті бояумен шығарыла бастады.

Алайда газетімізді «Принт» баспа­ханасында түрлі түсті бояумен екі үш есе қымбат бағаға басып шығару – онсыз да жағдайы жұқарған редакция ұжымына жығылған үстіне жұдырық болды. Салық, жарық, баспахана, айлық жалақыға берешек қарызымыз қор­­даланып, жағдайымыз қиындай түсті. 2007 жылы аудан әкіміне жағ­дай­ды түсіндіріп, нәтижесінде №3 фор­ма­тында түрлі түсті бояумен шығып келген газетіміз енді екі түспен (қара, көк) шы­ғатын болды. Осылайша бұған дейін газет бастыруға кететін шығындарды үнем­деуге қол жеткізгенімен ай сайын жалақы алып жарымадық. Аудандық бюджеттен ақпараттық насихат жұмы­сына бөлінетін 500 мың теңге қай жыр­тығымызды жамасын. Жасыратын несі бар, аудан әкімі тарапынан газетке жа­зылуға қолдау көрсетіліп, газетке жа­зылу бағасы өскенімен қаржылық жағ­дайымыз жақсара қоймады. Сол ты­ғырыққа тірелген кездері

Жағдайымыз жақсарып, не жаңармай,

Күтеміз кеп бір жаңалық болардай.

Бұл не нарық, қыспағында қалсақта,

Жүрміз әлі бір жауабын таба алмай.


Түсіне алмай келеміз ғой соны әлі,

Сабыр сақта, басыңа бақ қонады.

Көп тойымның бір аштығы секілді,

Аштықтың да бір тойымы болады,- деген өлең шумақтары жазылып қал­ған еді. «Жағдайымыз жұқармасын, қала­мымыз мұқалмасын» деген тілекпен жүріп, тер төккен қаламгерлердің көптен күткен үміті алдамапты. 2014 жылдан бастап барлық аудандық газеттермен бірге «Жалағаш жаршысы» да «Сыр медиа» ЖШС-не қосылғанда қар­жы­лық жағдайымыз қалай болар екен деп күдікпен қарағанымыз рас. Көп ұзамай газетіміз компьютерде теріліп, беттеліп, «Сыр медиа» ЖШС-нің бас­па­ханасында офсеттік тәсілмен ап­та­сына екі рет түрлі түсті бояумен ба­сылып шыға бастады. Редакцияның ғимараты қызметтік көлік, компьютер секілді мәселелер шешімін тауып, мате­риалдық-техникалық жағ­дайы жақ­сара түсті. Ең бастысы, қордаланған қарыздардан құтылып, үстімізден ауыр жүк түскендей болды. Ай сайын тұ­­рақты берілетін жалақымен қоса қа­ламақы, мереке күндері сыйақы ала­тын болдық. Бір сөзбен айтқанда, қыз­меткерлердің айлық деп алаңдамай газет шығарып, шығармашылық жұ­мыс­пен шұғылдануға толық мүмкіндік туды. Сонымен қатар жаңа заманауи ме­диа талабына сәйкес аудандық га­зеттің жанынан ресми тіркелген сайт тұ­рақты жұмыс істейді және әлеуметтік желілер де ақпарат айдынында көш түзеп келеді.

Қорыта айтқанда, Жалағаштың та­рихы мен сырлы шежіресіне ай­налған аудандық газеттің тойы – ха­лықтың тойы. Олай болса «Жалағаш жаршысы» газетінің шығармашылық ұжымы мен қызметкерлерін, аудандық газет редакциясы мен баспахана ар­да­герлерін, барша қаламгерлерді ау­дандық басылымның тоқсан жылдық мерейтойымен шын жүректен құттық­таймын. Дендеріңізге саулық, отбасы­ларыңызға аманшылық, шалқар ша­быт, шығармашылық табыс тілеймін. Ең бастысы оқырмандарыңыз көбейіп, ең­бектеріңіздің игілігін көре беріңіздер.