Қызылордада автосалон компаниясына отызға жуық адам алданып қалған
Қызылордада көліктерін автосалонға сатқан отызға жуық адам компанияның алдап кеткенін айтып бас көтерді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл азаматтар автосалонының басшылары бізді алдап кетті деп ашулы. Айтуларынша, алдымен олар көліктерін танымал сайт арқылы саудаға шығарған. Кейін компания қызметкерлері хабарласып, жарнамадағы темір тұлпарды қымбат бағамен аламыз деп шақырған. Оның үстіне көліктің ақысы 14 күннен кейін төленеді деген келісімшарт жасасқан.
Тұрғындар автосалонға әкеліп өткізген көліктеріміз басқа азаматтарға сатылып кеткен деп қынжылады. Казір 30-ға жуық адам не көлігін, не ақшасын ала алмай жүр.
Ұялы телефондары сөндірулі, ал салонның есігіне құлып салынған екен. Алданып қалған көпшілік құзырлы органдарға арыздануға мәжбүр болыпты. Полиция алаяқтық бабымен тергеуді бастаған.