Қызылордада "Қайсар" футбол клубының ойыншылары жалақы берілмегендіктен байкот жарияламақ

2 499

Фото: Facebook/Садык МустафаевҚызылордалық "Қайсар" футбол клубының ойыншылары бірнеше айдан бері жалақы ала алмай жүр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қаржыдан қысылған футболшылар бұдан былай тегін доп теппейміз деп шағымданған.

"Қайсар" футбол клубының ойыншыларына үш айдан бері бір тиын да жалақы төленбеген. Премьер-лигада өңірдің намысын қорғап жүрген футболшылар қаржыдан қысылып, қатты қиналып жүргендерін айтады. Әсіресе бұл жағдай өзге елден келген легионерлерге ауыр тиген.

"Келісімшартта біздің жауапкершілігіміз көрсетілген. Яғни біздің жұмысымыз футбол ойнау. Қазір кәсіби тұрғыда міндетімізді атқарып жүрміз. Бірақ басшылардың өзі келісімді орындай алмай отыр. Тез арада жалақы мәселесі шешімін тапса дейміз", – деді "Қайсар" футбол клубының қақпашысы Степан Сикач.

Қазір тек жасыл алаңға жанкүйерлердің үмітін ақтау үшін шығып жүрміз дейді ойыншылар. Тіпті соңғы турда команда мүшелері басшыларға наразылық ретінде ойынға кешігіп шыққан екен. Алайда бұл әрекеттері де нәтижесіз болыпты.

"Осы ойынға мүмкін кішкене шықпай тұра тұрармыз. Бәлкім бізге бірдеңе айтар деп. Бірақ енді кішкене күттік, онда да ешкімнен жауап болған жоқ. Шықтық, ойнап тастадық. Бізге бір адам келіп, “осындай уақытта ақша болады” дегенін естігіміз келіп тұр шыны керек", – деді "Қайсар" футбол клубының ойыншысы Думан Нәрзілдаев.

Ойыншылар жағдай бұлай жалғасса, команда тарап кетуі мүмкін. Ал футбол клубы мемлекет қазынасынан қаржыландырылады. 

"Биылғы маусым үшін бөлінген қаржы толық игерілген. Өз қаржысын, кіріс-шығыстарын жауапкершілік серіктестік өзі үйлестіреді. Сол себепті бізге нақты есептемелері мен ұсыныстарын ұсынып жатыр. Біз соның негізінде тиісті заңнамаларға сәйкес шешімдер қабылдаймыз", – деді Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жұлдызхан Ерқосаев.

Облыстың атынан шығатын жалғыз клубтың мәселесі жуық арада шешіледі деп уәде берді. Ал аяқ допшылар кезекті матчқа шықпай, байкот жариялауға бекінген.