Ауыз су сапасы бақылауда
Қызылорда облысы тұрғындарының орталықтандырылған ауыз су жүйесімен 98,7%, орталықтандырылмаған сумен 1,2%, тасымалды ауыз сумен 0,1% қамтамасыз етілген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жалпы облыс бойынша негізінен жер асты су көздері пайдаланылуда.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында 204 сумен жабдықтау объектісі бар, оның ішінде: 182 орталықтандырылған жүйелердің су құбырлары және 22 орталықтандырылмаған сумен жабдықтау объектілері. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша ДСЭК басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаев мәлім етті.
2024 жылдың 9 айында орталықтандырылған сумен жабдықтау объектілерінен микробиологиялық көрсеткіштеріне 1983 су сынамасы алынып, оның 5-уі талаптарға сәйкес келмеді, сай келмейтін сынамалардың үлес салмағы 0,25 пайызды құрады (талаптарға сай келмейтін су сынамалары Жалағаш, Қызылорда қаласында анықталды).
Ауыз судың санитариялық-химиялық көрсеткіштеріне 1983 сынама алынып, оның 39-да сәйкессіздік анықталды, сай келмейтін сынамалардың үлес салмағы 1,97 пайызды құрады (талаптарға сай келмейтін су сынамалары Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарында және Қызылорда қаласында анықталды). Санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік көбіне: құрғақ қалдық, хлоридтер бойынша нормадан жоғары анықталды.
Облыс көлеміндегі барлық орталықтандырылған сумен жабдықтау объектілерінде жуу-тазалау және дезинфекциялау жұмыстары толығымен жүргізілді. Халық арасында су факторына байланысты аурушаңдық тіркелген жоқ.