Тұрғындар 20 жыл бойы құдықтан тұзды су ішіп жүр
Жетісу облысы Талдықорған іргесіндегі Қызылтас саяжайының тұрғындары 20 жылдан бері құдықтан тұзды су ішіп келеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Халықтың сұрауымен елдімекенге су құбырын тартуға бюджеттен миллиондаған қаражат бөлінген екен. Екі жыл бұрын басталған жұмыс әлі аяқталмаған.
Ауыл тұрғыны Райымбек Садырбаев 8 жылдан бері ауыз суды қаладан тасып ішіп отырғанын айтады. Күніне кемінде 10 литр су сатып алатын көрінеді. Ол тұрмысқа қажетті суды есік алдындағы құдықтан алып отыр.
Ауыз суды Талдықорғаннан тасығанға бәрінің бірдей мүмкіндігі жоқ. Сондықтан көбі амалсыздан тұзды суды ішуге мәжбүр. Негізі Қызылтасқа таза су былтыр берілуге тиіс болған. Алайда мердігер компания жұмысты әлі аяқтамаған.
Талдықорған тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмас Барлыбеков мердігерді сотқа бергенін айтады.
Тұрғындардың сөзінше, шенеунік бірнеше мәрте осылай уәде берген. Жұрт жарықтың мәселесі де ұзақ уақыт бойы шешілмей келеді деп күйінді.