АРНАЙЫ ТЕХНИКАЛАРДЫҢ ҚЫС МЕЗГІЛІНЕ ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ
Облыс әкімінің қолдауымен қаланың тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарына жауапты «Қызылорда тазалығы» және «Жасыл Қызылорда» мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Биыл арнайы техниканың 47 данасы сатып алынды. Қосымша қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Қазіргі таңда жаңарған техникамен жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді.
Қыс мезгіліне арнайы техникалардың дайындық тексеруі маңызды шара болып табылады, өйткені қыстың қиын жағдайлары мен ауа райының өзгерістері техниканың жұмыс қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.
Қыс мезгілінде техниканың жұмысында қиындықтар туғызбау үшін, барлық техникалық сұйықтықтардың (мұздатқыш сұйықтық, мотор майы, трансмиссия майы, т.б.) қысқа арналған түрлерімен ауыстырылуы маңызды.
Техникаларда қажетті дабыл дауыстары, жарық сигналдары және байланыс құралдары тексеріліп, жұмысқа жарамдылығы қамтамасыз етіледі.
Мұндай тексеру арнайы мамандардың бақылауымен жүргізіледі және техниканың қысқы кезеңде қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуі үшін өте маңызды.
Бүгін қала әкімі Нұржан Ахатов «Қызылорда тазалығы» мен «Жасыл Қызылорда» мекемесінің техникалық базасына барып, арнайы техникалардың қысқы мезгілге дайындығын пысықтады. Сонымен қатар, коммуналдық мекеме басшыларына қысқы маусымда коммуналдық қызметтің іркіліссіз жұмыс жасауын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кету керек, «Қызылорда тазалығы» мекемесінде 154 дана техника бар. Оның қысқы кезеңге қатысатын 57 арнайы техникасы сақадай-сай. Сонымен қатар, мекеме базасында 2 310 тонна құм-тұз аралас қоспасы жинақталған. Қардан тазарту жұмыстарын атқару 2 ауысым бойынша жүргізіледі. Оған 270 жұмыс күші тартылады.