Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді

1 398

Фото: istockphoto.comҚаржы мониторингі еріктілер қозғалысының белсендісі және “Біз біргеміз” қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу басталғанын мәлім етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінді. 

Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды. 

Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 миллион теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 миллион теңгеге "Lexus LX-600" және 39 миллион теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды.

Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 миллион теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" тұрғын үй кешені (тұрақ орындарын қоса алғанда), сонымен қатар "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.

Сонымен қатар қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон және Ыстамбұлдағы "St.Regis", "Shangri-La", "Palazzo Versace" және "Kempinski" сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.

Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Перизат Қайрат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған. Күдікті ұсталды.