Көпбалалы ана балықтан уланып, аяқ-қолынан айырылған

1 387

Фото: Видеодан скриншотАлты баланың анасы 29 жастағы ақтөбелік Ботагөз базардан Аралдың балығын жеймін деп, өмірін түбегейлі өзгерткен оқиғаға тап болған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.





«Тамыз айында Ақтөбенің Астана базарының қасынан Аралдың балығын сатып алдым. Кешке ол балықты тек өзім жедім. Балаларыма да, жолдасыма да бермедім. Сол күні түнде оянып кетіп, дәретханаға жүгірер жолда шыдамай, қатты құсып жібердім. Қызуым 40 градусқа көтерілген. Сол күні де, келесі күні де ауырдым. Бірақ үйдің шаруасымен оған қатты мән бермедім. Бесінші күні миым сөне бастаған. Шынтағымнан бастап қолым, аяғым, мұрным көгеріп кеткен. Жолдасым үйге келген соң «сені біреу ұрды ма?» деп шошып кетіп, кейін жедел жәрдем шақырды», - дейді Ботагөз.

Оның айтуынша, жедел жәрдемге балық жегенін айтқан.

«Бірден жансақтау бөліміне түстім. Ағзаларым жұмыс істемей, бүйрегім жұмысын тоқтатты деп жақындарыма айтқан екен. Менингит, сепсис және гангрена деген диагноз қойды. Қолым мен аяқтарымның басы түгел қарайып кетті. Қол-аяғымның ұштары қарайып, оны кесіп тастауға тура келді. Сап-сау болып жүріп, бір-ақ күнде мүгедек атандым. 2 ай ішінде 4 ота жасалды. Барлығын басынан бастап жатырмын. Өзімді қалай бар, солай қабылдадым», - дейді ол.