46 жас маман "Жастарға жұмыс" жобасы арқылы жұмысқа тұрды

1 330

Фото: gov.kzБиыл өңірдегі кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерде 46 жас азамат жұмысқа орналасты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Оларға осындай мүмкіндік «AMANAT» партиясы бастамашы болған «Жастарға жұмыс» жобасы аясында берілді.

«Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері екінші жыл қатарынан бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастырып, мемлекеттік бағдарламалардың қалай жұмыс істейтіндігін түсіндіруде. Биыл оған 300-ге жуық солтүстікқазақстандық жас қатысты.

Шілде айында жоба аясында бос орындар жәрмеңкесі өтті. Оның қорытындысы бойынша 46 адам жұмысқа шақыру алып, түрлі компанияларда еңбек жолын бастады. Өткен бос орындар жәрмеңкесіне Нұрдәулет Мықтыбай да қатысты. Қазір ол «Атамекен Агро» компаниясында өсімдіктерді қорғау жөніндегі агроном болып жұмыс істейді.

«Жастарға жұмыс» жобасы мен үшін кәсіби мансабымды құрудағы маңызды қадам болды. Жәрмеңке арқылы жетекші компаниялардың өкілдерімен тікелей сөйлесіп, ұсыныстарымен таныстым. Жұмыс берушілердің жас мамандарға үлкен қызығушылық танытқанын көргеннен кейін қызығушылығым одан сайын арта түсті. Мұндай шаралар жастарға шабыт беріп, болашаққа сенімді қадам жасауға көмектеседі», - деді Мықтыбай Нұрдәулет.

Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастарға жұмыс» жобасы өткен жылдың қаңтар айында іске қосылған. Бұл бастама «AMANAT» партиясы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен идеясы болып табылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, олардың әлеуетін ашуға және өз күштеріне деген сенімділігін нығайтуға ықпал етеді.