"Қазақ екенімді білсін дедім": Өзбек президентінің алдында ана тілінде сөйлеген қазақ қызы елді тәнті етті

530
Әлеуметтік желіде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің алдына шығып, қазақша сөйлеген қазақ қызының видеосы кең таралып кетті. Студент кезінен бері Науаи облысында же­ке кәсіпкерлікпен айналысатын Мерей Аманбаева жағымды пікір жолдап жат­қан қазақстандықтардан мұндай реакция күтпегенін айтады деп жазады Turkystan газеті.  

Мерей Аманбаева Өз­бек­стан президентімен болған кездесуде алдымен қа­зақша сөйлесіп, кейіннен сөзін өзбек тілінде жалғастыруының себебін түсіндірді.
«Мен мұны бұрыннан ойлап жүргенмін. «Пре­зидентпен кездесетін болсам, алдымен қазақ тілінде сөйлеймін, осылайша ол қазақ екенімді білсін, сосын өзбекше жалғас­тыра­мын, өзбек тіліне деген құрметімді білсін» деп ойлап жүретінмін. Негізі, ереже бойынша алдымен өзбекше сөйлеп, сосын қазақ тілінде сөйлеуге рұқсат сұрауым керек екен. Ал мен керісінше алдымен қазақ­ша сөйлеп, кейін өзбекше сөйлеуге рұқсат сұрадым, президент өзбекше жалғастыруға рұқ­сат сұра­ғаныма қуанып, алғысын білдірді. Мен үнемі айтамын: қазақ пен өзбек – түбі бір, бауырлас ұлттар. Өзбек­станнан кеудеміз­ді итеріп, еш­кім кет деп жатқан жоқ. Кері­­сін­ше жағдайы­мызды жақ­сартуға мүмкіндік беріп отыр», - дейді қандасымыз.

Мерей Аманбаеваның сөзінше, Науаи облысының әкімі Қабыл Тұр­сынов Өзбекстандағы қазақтар­д­ы әрдайым қолдап жүреді.

«Кәсіп­кер болған соң, жолыңды кес-кес­теп, күн­дей­тіндер та­бы­ла­ды. Сондай теріс пи­ғылы бар адам­дар­дың маған кедергі кел­тіруіне жол бер­мей, әрдайым демеп жүре­ді. Ол кісі әсіресе домбырада ән шырқағанды ұна­тады. Ауыл-аймақты аралаған кезде шопан қазақ­тармен бірге отырып, ән тыңдап, шүйіркеле­сіп қайтады. Осыдан-ақ ол кісінің қазақ­тың мәдениетін жоғары бағалайтынын бағамдауға бо­ла­ды», - дейді ол.

Сондай-ақ, кәсіпкер қыз жақын арада Қазақстанға келіп қайтпақ ниетте.

«Жуырда «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкер­лер пала­та­сының өкіл­дері хабар­ласып, кездесуге шақырды. Коман­дамнан бес-алты маманды ертіп, қыркүйектің жиырмаларына таман елге баруды жоспарлап отыр­мын. Жалпы, мен Қазақ­стандағы маңызды оқиғалар­дан хабардар болып, жастар­ға қандай қолдау көрсетіліп жатқанын бақылап отыра­мын», - дейді Мерей Аманбаева.

Өзбекстанда тұратын қазақ қызы елге келсе Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, бейресми сұхбаттасқысы келетінін де жеткізді.

«Өзбекстандағы қазақтардың ол кісіге тарту етер сыйлығы бар. Одан бөлек, кө­кейім­де түйіп жүрген біраз нәрсені бөліскім ке­леді. Мысалы, Қазақстан және Өзбек­стан­дағы белсенді қазақтар, әсіресе жастар ара­сында форум өткізілсе екен деймін. Сонымен қатар екі елдегі мықты кәсіпкерлер ара­сында пікір алмасулар көп болғанын қалаймын. Көпшілік алдында айта алмайтын тағы басқа жобалар бар. Жалпы, ол кісімен бейресми кез­десуде сұхбаттасқым келеді», - дейді Мерей Аманбаева басылымға берген сұхбатында.

Мерей Аманбаева 21 жасынан бастап кәсіп­кер­лікпен айналыса бастағанын айтады. Бүгінде ол көптеген жо­баға қатысып, ірі кәсіпті дөңгелетіп отыр­ған кәсіпкерлермен байланыс орнатқан. Өз сөзінше, қазір кәсіпкер ауыл шаруашылығы мен қатар мектепке дейінгі тәрбие ісін қолға алып, балабақша ашқан. Сондай-ақ жастарға кәсіпкерлік жүргізу бойын­ша тренингтер өткізеді.

Айта кетейік, Мерей Аманбаева 23 жасында Өзбек­стан­дағы дарынды қыздарға берілетін Зул­фия атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.