Қызылордада 21 жастағы жігіт 15 жасар жасөспірімге үйленіп, жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталды
Қызылорда облысында 21 жастағы жігіт 15 жасар жасөспірімді жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Ол кәмелетке толмаған жасөспірімді жыныстық қатынасқа итермелегені үшін кінәлі деп танылды. Алайда ата-аналары сот үкіміне шағымданып, екі жастың қосылуына қарсы емес екенін айтады.
Қызылорда облысында ата-аналарының рұқсатымен 21 жастағы жігіт пен 15 жастағы қыз молдаға некесін қидырған. Ата-аналары Нұртілеу мен Аяланың үйлену тойын да өткізіпті. Кейін 15 жастағы Аяла жүкті болып, дәрігерге көрінген. Емханадағылар бұл ақпаратты полицейлерге жеткізді.
Сотқа 15 жастағы Аяла жәбірленуші ретінде қатысқан. Бірақ Аяла Жүрсін әлі күнге дейін күйеуінің үйінде тұрып, келіндік міндетін атқарып жүр. Ол сотта өз еркімен тұрмысқа шыққанын айтыпты. Сонда да судья мен құзырлы орган өкілдері жігітті кінәлі деп таныды.
Үкім былтыр қарашада шыққан. Бұл іс жабық түрде қаралған екен.
Аппеляциялық сотта да 21 жастағы жігіттің жақындарының шағымы қанағаттандырусыз қалған. Ата-аналар енді жоғары сотқа жүгінбек.