Балабақшалар 2027 жылдан бастап лицензия бойынша жұмыс істейді

1 337

Фото: pixabay.comҮкімет балабақшалар 2027 жылдан бастап лицензия бойынша жұмыс істейді деген қаулы қабылдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

Қаулы білім беру саласындағы лицензиялау тізіміне толықтыру енгізеді. 2015 жылы бекітілген тізімге бастауыш, орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі білім беру мекемелері кірген. Жаңа қаулыға сәйкес, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мекемелері де лицензиялануға тиіс.

Өткен жылы бұл қаулы жобасын мәжіліс мақұлдағаннан кейін, депутат Асхат Аймағамбетов балабақшаларды лицензиялау не үшін қажет екенін түсіндіріп, оның артықшылықтарын атап өтті.

"Лицензиялау бірыңғай талаптар мен жауапкершілікті қамтамасыз етеді, мемлекеттік және жеке балабақшаларға бірдей қолданылады. Бұл балалардың қауіпсіздігі мен қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Балабақшалар саны азаймайды, мемлекет оларды қолдауға мүдделі. Талаптар қатаңдатылмайды, ал дайындыққа 2027 жылға дейін екі жыл беріледі. Жеке мектептер лицензияланады, бірақ бұл олардың өсуіне кедергі болмады", – деді депутат Асхат Аймағамбетов.