"Бір жылда 60 миллион теңгесін балгерге берген": Қазақстандықтарды интернеттегі алаяқ-балгерлер жайлы ескертті
Қазақстанда әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы болашақты болжайтындар саны көбейген,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап.
Кейбірі мессенджерде хат алмасу арқылы өз қызметін ұсынады екен. Бірі қызметін бірнеше мыңға бағаласа, енді бірі миллиондап сұрайды. Мәселен, Нұр-Сұлтан тұрғыны тарологқа бір жылда 60 миллион теңге берген.
Бақсы-балгерлердің әрекет ету алгоритмі қарапайым: банк картасына ақша жіберіп, сұрақ қоясыз. Психологтардың сөзінше, олардың қызметіне көбіне мазасызданып жүргендер жүгінеді. "Болжамды" естіп, шабыт алады, өздерін осылайша тыныштандырады. Адамдар белгісіздіктен қорқады, сондықтан өз үрейін сейілту үшін тарологқа жүгінеді, дейді психолог.
Алайда жалған балгерлерге алданып қалғандар да жетерлік. Мысалы, Нұр-Сұлтан тұрғыны қарғыстан тазару үшін бір жыл көлемінде балгерлерге 60 миллион теңгесін апарып берген.
Дегенмен астана тұрғындарының көбісі балгерлерге сенбейтінін айтқан. Ал оларды жауапқа тартудың керегі жоқ, себебі адамдардың өздері кінәлі екенін алға тартты.