Жаңа Су кодексі күшіне енді

1 467

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігіҚазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі күшіне енді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қазақстанда алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы заңмен бекітілді. Құжатта алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізіліп отыр. Бұл – халықты және экономиканы су тапшылығы мен су көздерінің ластануынан қорғау, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстары бойынша ұлттық мүддені сақтау дегенді білдіреді. Су көздерінің тартылып кетуіне жол бермеу мақсатында «экологиялық ағын» ұғымы да заңмен айқындалды. Ол – өзен, көл, теңіз секілді табиғи су нысандарының экожүйесін сақтау үшін қажет ең төменгі су деңгейі ретінде белгіленген.

«Жаңа Су кодексін әзірлеу кезінде біз бес негізгі қағиданы басшылыққа алдық. Бұл суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, азаматтардың тіршілік әрекеті мен экономикалық дамуының негізі деп тану, суды қорғау және оның сарқылуын болдырмау, жерүсті және жерасты суын кешенді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейімделу, су қорын қорғау және пайдалану жөніндегі міндеттерді шешуге жұртшылықты тарту. Бұл құжат еліміздің су саласындағы жаңа мемлекеттік саясатын қалыптастыруға негіз болады. Құжатты әзірлеуге қатысқан Парламент депутаттары мен сарапшыларға алғысымды білдіремін», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.