Samsung техникасы тамыз айынан бастап Қазақстанда шығарыла бастайды
Қазақстандықтар елде құрастырылған Samsung компаниясының тұрмыстық техникасын сатып ала алады,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Биыл тамыздан бастап Қазақстанда әлемге әйгілі брендтің теледидарлары мен кір жуғыш машиналары шығарылады. Тұрмыстық техниканы Қарағанды облысы Сарань қаласындағы "Silk Road Electronics" ЖШС өндіреді. Үкіметтің мәліметінше, зауыт Samsung компаниясымен тиісті келісімге қол қойған.
“Samsung компаниясымен кооперация – біз үшін үлкен даму кезеңі. Өткен жылы біз ірі тораптық жинақтаудан ұсақ тораптық құрастыруға көштік. Қазір өндірісіміз толық циклді және жоғары деңгейде локализацияланған. 2026 жылы штамптау цехын іске қосамыз. Келесі жылдың ортасынан бастап барлық технологиялар іске қосылып, локализация деңгейі одан әрі артады. Алдағы жоспарымыз – шетелдік нарыққа шығу және өнім түрлерін көбейту, – деді "Silk Road Electronics" ЖШС директоры Александр Критский.







