134 тұрғын қайтарымсыз грантты жеңіп алды
134 адам қаржылай қолдауға ие болды,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік қолдау аясында кәсіп бастауға ниетті азаматтарға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 1 572 800 теңгеге дейінгі гранттар қарастырылды. Жоба шеңберінде 934 өтініш қабылданып, арнайы комиссия шешімімен 134 үміткердің жобасы мақұлданды. Қазіргі таңда грант иегерлері Еңбек мобильділігі орталығымен екі жақты келісім жасасып, қаржы аудару жұмыстары жүргізілуде.
Грант иегерлерінің басым бөлігі – әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Атап айтқанда, қаржылай қолдау алғандардың ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 5 адам, асыраушысынан айырылғандар – 7, мүгедектігі бар, еңбекке қабілетті азаматтар – 23, көпбалалы отбасылар – 71 және мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар – 28 адам бар.
Қолдау тапқан жобалар әртүрлі бағыттарды қамтиды. Әсіресе қызмет көрсету саласы алдыңғы орынға шықты – бұл бағытта 50 жоба мақұлданған. Сонымен қатар, өндіріс саласы (құлпынай өсіру, ет өнімдері және т.б.) – 39 жоба, тігін – 15, кондитерлік және наубайхана өнімдері – 14, жартылай дайын өнімдер – 9, мал және құс шаруашылығы – 2, жиһаз өндірісі – 1 жоба мақұлданды. Ал фаст-фуд, сусындар, шұжық өнімдерін өндіру секілді өзге бағыттағы жобалар саны – 4.







