Бір уақытта төрт балаға дейін қабылдай алады: Қазақстанда балаларды отбасына орналастырудың жаңа түрі енгізілді
1 шілдеден бастап елімізде жетім балаларды отбасына орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасы енгізілді. Осылайша ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасы жылуын сезінуіне жағдай жасалмақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қабылдаушы кәсіби отбасылар бір уақытта төрт балаға дейін қабылдай алады.
Кәсіби отбасыларға жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, панасыз және қараусыз қалған балалар, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар жіберіледі.
Кәсиби тәрбиешіге қойлатын талаптар:
- 30-63 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары;
- тұрақты табысы мен тұрғын үйі бар;
- психологиялық дайындықтан өткен.
Сотталғандар, тұрақты мекенжайы жоқтар, баланы тәрбиелеуде кедергі келтіретін аурулары барлар, наркологиялық немесе психологиялық диспансерде есепте тұрғандар кәсіби тәрбиеші атана алмайды.
Кандидаттарды тағайындау туралы шешімді қамқоршылық органдары қабылдайды.
Іріктеу кезеңдері:
- құжат тапсыру;
- әңгімелесу;
- үй жағдайын тексеру;
- психологиялық дайындық;
- қорытынды алудан тұрады.
Қаржылық қолдау:
- әр балаға ай сайын 10 АЕК;
- тәрбиешіге ай сайын 70 АЕК қарастырылған.
Енді балалар интернаттық мекемелерге емес, бірден отбасыға жіберіледі.