"600 мыңнан миллион теңгеге дейін санап берген": Англияға жұмысқа орналастырамыз деген компания берген уәдесінде тұрмаған
Англияға құлпынай теруге бармақ болған қазақстандықтар шетелге жұмысқа тұрғызамыз деген компанияны айыптады.
Алматыда қазақстандықтарды Англияда жұмысқа тұрғызбақ болған компанияның басы дауға қалды. Алты облыстан жиналған бір топ адам компанияны "ақшамызды алып, уәдеде тұрмады" деп айыптап отыр. Айтуынша, олар шетелде нәпақа тауып, "табысқа кенелеміз" деп ойлаған. Алайда әлі күнге дейін жұмысқа тұрмапты,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгін Алматыға "табыс табамын" деп тақырға отырған бұл топ адам алты облыстан жиналды. Олар Англияға барып, жұмысқа тұруға ниеттілер. Тіпті кейбірі жалдамалы жұмысшы ретінде бару үшін несие рәсімдеп, бар ақшасын берген. Айлық көлемі 1 млн 200 мың теңге болады деген уәдеге сенген.
Алданғандар кемі 600 мыңнан миллион теңгеге дейін санап берген. Бұған тек ұйымдастыру қызметі ғана кірді, дейді олар. Яғни шетелде жүріп-тұруы, виза, тіпті ұшақ билетінің құнын жәбірленушілер өзі бөлек төлеу керек болған. Алайда әлі күнге дейін уәде орындалмаған.
Кепілхатта жұмысшы шетелге шықпаса, ақша үш күнде қайтарылады деген. "Бірақ бір жарым, екі жыл өтіп кетті" деп күйінеді жиналғандар. Компания өкілдері 200-ге жуық адамның қаражатын қайтардық дегенді алға тартады. "Қалғанының да мәселесі шешіледі" деп сендірді.
Бүгін жиналған қауым Әуезов ауданының полиция басқармасына ұжымдық арыз түсірді. Енді құрамында қылмыс әрекетінің бар екені негізге алынып, алаяқтық бабы бойынша іс қозғады.







