Қазалыда сенбілік жұмыстары жалғасуда
Қазалыда сенбілік жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазалы ауданында дәстүрлі түрде сенбі сайын ұйымдастырылатын санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары кең ауқымда жүргізіліп келеді. Бұл игі шаралар ауданның келбетін жаңартып, тұрғындарға қолайлы, таза орта қалыптастыруға бағытталған. Аудан әкімдігінің бастамасымен өткізілетін бұл сенбіліктерге мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ауыл әкімдіктері, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласының өкілдерімен қатар, ерікті тұрғындар да белсенді атсалысып келеді.
Әйтеке би кентінде – қарқынды тазалық
Бүгінгі сенбілік барысында аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі бірнеше көше бойында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Сабырбаев, Біржан сал, Пірімов, Жанқожа батыр, Молдағұлова және Мұстафа Шоқай көшелерінде шөп шабу, арам шөптерді тазалау, жол бойларындағы қатты қалдықтарды жинау жұмыстары ұйымдастырылды.
Тазалық жұмыстары барысында көше бойларындағы жаяу жүргіншілер жолы мен арық-атыздардың да беті тазартылып, жиналған қалдықтар арнайы техникалардың көмегімен қоқыс төгетін орындарға шығарылды.
Инфрақұрылым нысандарына күтім көрсетілді
Сенбілік аясында көшелер бойындағы электр бағаналары мен аялдама тұстарын ақтау, сырлау жұмыстары жүргізілді. Бұл іс-шаралар ауданның эстетикалық көрінісін жақсартып, тозығы жеткен нысандарға күтім көрсетудің нақты көрінісі болды.
Әкімнің аралауы – жұмысқа серпін берді
Аталған тазалық жұмыстары Әйтеке би кентіндегі жеті аймақ бойынша жүйеленіп, әр аумаққа жауапты мекемелер мен ұйымдар бөлінген. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет ұйымдастырылған тазалық аймақтарын жеке-жеке аралап көріп, орындалған жұмыстармен танысты. Әр аумақтың жауапты басшыларынан есеп алып, алдағы уақытта назар аударылуы тиіс мәселелерге байланысты нақты тапсырмалар жүктеді. Аудан басшысы тазалық жұмыстарын маусымдық науқан ретінде емес, жыл бойына жалғасатын тұрақты үрдіске айналдыру қажеттігін баса айтты.
Тұрғындар белсенділігі қуантады
Сенбілік шараларына кент тұрғындары да бей-жай қарамай, өз аулаларын, үй іргелерін тазалап, қоғамдық бастамаларға үн қосты. Бұл – ел арасында экологиялық мәдениеттің артып келе жатқанын көрсетеді. Аудан әкімдігі тұрғындарды тазалық пен тәртіпке шақырып қана қоймай, олардың бастамаларын қолдауға да әрдайым дайын екенін жеткізді.
Тазалық – баршаға ортақ міндет
Қоршаған ортаны таза ұстау – тек мемлекеттік мекемелердің емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қазалы ауданында жолға қойылған бұл сенбілік шаралары келешекте де өз жалғасын таба бермек. Аудан басшылығы тарапынан мұндай жұмыстарға тұрақты бақылау орнатылып, сапалы орындалуына ерекше мән берілуде.







