Шиелі ауданында әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуда
Қызылорда облысының әлеуеті артып, өңірдегі әрбір аудан даму мен жаңғыру жолына бет бұрып жатқан қазіргі кезеңде Шиелі ауданы айрықша қарқынмен ілгерілеп келеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл аудан соңғы жылдары әлеуметтік салада серпінді жобаларды жүзеге асыруымен ерекшеленіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар жасап отыр. Мемлекеттік және жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражат нәтижесінде өңірде маңызды әлеуметтік нысандар бой көтеріп, құрылысы жүріп жатқан жаңа жобалар ел игілігіне қызмет етуге дайындалуда.
Осы тұрғыда ауданның тыныс-тіршілігімен жақын танысу мақсатында республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры өтті. Журналистер сапарының басты мақсаты – әлеуметтік инфрақұрылымдағы оң өзгерістерді көзбен көру, халықтың өмір сүру сапасына әсер етіп жатқан жобалардың барысымен танысу болды.
Руханият орталығы – мәдени дамудың жаңа кезеңі
Баспасөз туры аясында алғашқы аялдама ретінде журналистер жаңадан ашылған «Руханият орталығына» барды. Қаңтар айында есігін айқара ашқан бұл нысан – аудан халқы үшін ерекше маңызы бар мәдени-рухани кешен. Құны 1,6 миллиард теңгеге бағаланған екі қабатты ғимарат – ауданның мәдени кеңістігін байытып, рухани өміріне тың серпін беретін заманауи орталыққа айналып отыр. Мұнда түрлі шығармашылық бағыттағы үйірмелер, зияткерлік шаралар мен әдеби кездесулер, жас ұрпаққа рухани тәлім-тәрбие беретін бағдарламалар жүзеге асады.
Орталықтың басты мақсаты – мәдениеттің жаңа кеңістігін қалыптастыру арқылы тұрғындардың рухани сұранысын қанағаттандыру, өнер мен білімге құштар жастарды тәрбиелеу. Бұл орталық уақыт өте келе Шиелінің ғана емес, тұтас өңірдің мәдени брендіне айналатыны сөзсіз.
Жаңа білім ошақтары – балалар болашағына салынған инвестиция
Журналистер бұдан кейін 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы жүріп жатқан аумаққа бет алды. Қазіргі таңда бұл нысандардың құрылысы 50 пайызға аяқталған. Құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша, қос нысан биылғы қыркүйек айында толықтай пайдалануға берілмек.
Аталған білім мекемелері аудан балаларының шығармашылық қабілетін дамытуда үлкен рөл атқарып, олардың жан-жақты дамуына жол ашады. Сонымен қатар, қосымша білім беру саласының кеңеюіне мүмкіндік беріп, дарынды балалардың әлеуетін арттыруға жағдай жасамақ.
Жаңа бизнес-инкубатор мен денсаулық сақтау нысандары
Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде іске қосылған бизнес-инкубатор жұмысымен де танысты. Бұл жоба ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке бейімділігін арттыруға, жаңа бастамаларды қолдауға және өңірлік экономиканы әртараптандыруға бағытталған. Инкубатор арқылы жас кәсіпкерлер өз жобаларын дамытып, тәжірибе жинақтап, бизнесті басқару дағдыларын меңгеруде.
Сондай-ақ, 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылысы, аудандық аурухана жанынан салынған МРТ орталығы – медициналық қызметтің сапасын арттыруға септігін тигізетін маңызды нысандар қатарында. Бұл бастамалар денсаулық сақтау саласындағы қолжетімділік пен сапаны жаңа деңгейге көтеретіні анық.
Білім мен спорт – келешек ұрпаққа бағытталған басты назар
Баспасөз туры барысында бұдан бөлек, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмады. Аталған білім ұясы заманауи талаптарға сай жаңартылып, шәкірттерге қолайлы әрі сапалы білім беру кеңістігіне айналуда. Сонымен қатар, салынып жатқан жаңа спорт кешені – жастардың салауатты өмір салтын ұстануына, бұқаралық спорттың дамуына бағытталған маңызды нысан.
Қала келбеті – абаттандыру арқылы көркейіп келеді
Шиелі аудан орталығының сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында негізгі көшелер, алаңдар, теміржол вокзалы аумағы секілді маңызды қоғамдық орындарда ауқымды абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы орта қалыптастырып, қоғамдық кеңістіктердің тартымдылығын арттырады.
Шиелі – болашаққа нық қадам басқан аймақ
Ауданда атқарылып жатқан ауқымды жобалар мен бастамалар – әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның жемісі. Әрбір салынған жаңа нысан, жүргізілген құрылыс пен жүзеге асырылып жатқан жоба – ел игілігіне жұмыс істейтін, тұрғындардың жарқын болашағына бастар жол.
Алдағы уақытта да Шиелі ауданы өзінің даму қарқынын бәсеңдетпей, заманауи талаптарға сай өркендеп, өңірдегі жетекші аудандардың біріне айналатынына сенім мол. Мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асуы мен жергілікті билік пен халықтың ортақ мүддеге ұмтылысы – бұл мақсатқа бастар берік негіз болмақ.







